Аргентинадағы шеру кезінде 150 адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Буэнос-Айрестің орталығындағы наразылық акциясы кезінде полиция 150 адамды ұстады. Бұл туралы Аргентина қауіпсіздік министрі Патрисия Буллрич LN+ телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Report.

Аргентинадағы жаппай тәртіпсіздік
Фото: Report

Оның айтуынша, 15-17 полиция қызметкері жарақат алған.

— Бұл демонстрацияға келген адамдардың көпшілігі — жанкүйерлер, қалғандары — өлтіруге дайын болып келгендер, — деді ол.

Айта кетейік, 12 наурызда Аргентина астанасының орталығында конгресс ғимаратының жанында наразылық шеруі өткен. Оған тұрмыс жағдайын жақсартуды талап еткен зейнеткерлер мен оларды қолдауға келген футбол жанкүйерлері қатысқан. 

Алаң мен оның маңындағы көшелерге жиналған екі мыңға жуық адам зейнетақының аздығы мен күнкөрістің қымбаттығына наразылықтарын білдірген.

Шеруге келгендер бірден полициямен қақтығысып кеткен, жағдай көп ұзамай тәртіпсіздіктерге ұласқан. Жастар тәртіп сақшыларына таяқ, бөтелке, тас лақтырған.

Полиция көзден жас ағызатын газ қолданып, су шашқан. Шерушілер тосқауылдар қойып, полиция көлігі мен қоқыс жәшіктерін өртеп жібермек болған.

Айта кетейік, бұған дейін Аргентинада су тасқынынан 16 адам қаза тапқанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар