Археологтер Мысырда Ежелгі патшалық дәуіріне тиесілі қабірлерді тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Мысырдың оңтүстік-шығыс бөлігінде, Ніл өзенінің батыс жағалауында орналасқан Куббет-әл-Хава некрополінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде ғалымдар жартасқа қашалып жасалған бірнеше қабірді анықтады. Бұл қабірлер Ежелгі патшалық кезеңіне (б.з.д. XXVIII–XXIII ғасырлар) жатады. Бұл туралы Daily News Egypt хабарлады.
Ғалымдардың пайымдауынша, бұл құрылыстар Бірінші өтпелі кезеңде (б.з.д. XXII–XXI ғасырлар) және Орта патшалық дәуірінде (б.з.д. XXI–XVIII ғасырлар) қайта пайдаланылған.
Мысыр көне мұралары жөніндегі Жоғарғы кеңестің египет ескерткіштері секторының басшысы Мохамед Абдель Бади екі жерлеу камерасынан әртүрлі көлем мен пішіндегі шамамен 160 қыш ыдыс табылғанын мәлімдеді. Олар сұйықтықтар мен астық сақтауға арналған. Ыдыстардың көпшілігі жақсы сақталған және олардың бетінде иератикалық жазулар (ежелгі мысыр жазуының бір түрі) бар.
Қабірлердің сыртқы ауласынан Орта патшалық кезеңіне тиесілі артефактілер жинағы табылды. Олардың қатарында қола айналар, алебастр ыдыстар, түрлі-түсті моншақтар және әртүрлі тұмарлар бар.
Туризм және көне мұралар министрі Шериф Фатхи мұндай жаңалықтар Мысырдың әлемдік мәдени туризм картасындағы орнын нығайтатынын атап өтті.
Мысырлық археологтар миссиясы Куббет-әл-Хава некрополіндегі жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл жерде осы уақытқа дейін Ежелгі патшалық дәуірінен бастап грек-рим кезеңіне дейінгі уақытқа жататын жерлеу орындары табылған.
Айта кетейік, биыл Мысырда 10 мың жыл бұрынғы тастар арасынан баспана табылды.
Сондай-ақ ғалымдар Мысыр пирамидаларына қатысты жұмбақ құрылыстың сырын ашты.