Арманымыздағы ауылды жасасақ, отырықшы өмірге оралуымыз мүмкін — Көшпенді отбасымен эксклюзив сұхбат

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада өтетін Көшпенділер ойынына Анкарадан автобуспен шыққан саяхатшы отбасы көпшілікті елең еткізгені рас. Идиль, Бурак және кішкентай Гүнеш 5400 шақырым жол жүріп, Астанаға жақындап қалды. Осы орайда агенттік тілшісі бейнеқоңырау арқылы сұхбат алып, саяхатшылардың қазақ даласынан қандай әсер алып үлгергенін сұрады.

көшпелі
Фото: instagram.com/oralarnereler
а
Фото: instagram.com/oralarnereler

− Идиль ханым, өзіңіз туралы айтып беріңізші? Көшпелі өмір салтына қалай келдіңіздер? Сіздің қырғызша сөйлегеніңізді көрдім. Түріңіз де бізге ұқсайды…

− Менің анам қырғыз, бірақ нағашыларым сонау 1954 жылы Түркияға көшкен. Әкем жақ — Қазан татарлары, олар да 1918 жылы соңғы пойызбен Түркияға қоныс аударып үлгеріпті. Өзіміз Ыстанбұлда туып-өстік, бірақ әуелден күйеуім екеуміз кемпке шығып, көлікпен саяхаттағанды жақсы көретінбіз. Күйеуім ағаш шебері болғандықтан, осы ескі автобустан өзі үй жасап шықты. Оны жақсы ырымға балап, «Гөжебе» деп атадық, қазақша мағынасы — «Көшпенді». Қазір Ыстанбұлдағы үйімізді жауып, түбегейлі осы көлікте өмір сүреміз. Автобус толығымен өмір сүруге арналған, Түркия ішінде де осы автобуспен қара аралап жүре береміз.

Бұл көшпенділік өмір стилі, осы жолға түскен соң, уақыт өте келе тағы да жаңа нәрселерді білуге, тануға құлшынып тұрасың. Жаңа қалаларды, жаңа мәдениеттерді көресің, ойыңа ой қосып, көкжиегіңді кеңейтесің. Тіпті екі жасар ұлымыз Гүнеш те бізбен бірге осы өмір салтында өсіп келеді.

Кішкентай Гүнештің көңіл-күйі қалай? Жалпы мұндай саяхат баланың психологиясына қалай әсер етеді?

− Гүнеш қазір домбырамен ән салып отыр (күлді). Әрбір облыс, аудан халқы мен әкімдігі бізді ән-күймен күтіп алып, ұлттық тағамдарын ұсынуда. Гүнеш те барлық қазақтарды өз анасына ұқсатып, жақын туысы, көкесі деп ойлайтын сияқты. Шетелде жүрмін-ау деген ой жоқ. Сосын Буракты күйеубала деп қошеметтеп, ерекше сый-құрмет көрсетуде. Тіпті иығына шапан жауып, домбыра тарту етті. Бұл үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Менің мамандығым және кәсібім — клиникалық психолог, сондықтан біз баламызды туғаннан осы қарқында өсіріп келеміз. Қаңтар айында да көлікпен саяхаттап жүргенде киімсіз жүре береді, қызуы көтерілсе де, бір күнде тез қайтады. Осылай табиғатпен етене, экологиялық өмірімізді сүріп жатырмыз.

Әрине, 2-3 жасар баланың мінезін қалыптастыру өте маңызды, біздің баламыз сиырды, түйені кітаптан көріп танысқан жоқ, шынайы өмірде қолмен ұстап көрді. Қазақстанға келгелі түйенің сүтін ішіп жүр. Сондықтан балалы отбасылар алысқа сапарлағысы келсе, қуана-қуана кеңес беремін, мұндай саяхаттар өте пайдалы. Табиғатпен, адамдармен бұлай танысу тек қана бала үшін емес, ересектер үшін де құнды тәжірибе.

а
Фото: Анадолы агенттігі

− Бірінші рет мұндай ұзақ жолға шықтыңыздар ма? Қазақстанға таңдау қалай түсті?

− Көшпенділер ойыны туралы жыл сайын еститінбіз. Бесінші ойындар Қазақстанда өтетінінен де хабардар едік. Сонда «Қазақтуризм» компаниясы бізді арнайы шақырды және ұшақпен келуді ұсынды. Біздің өмір салтымыз көшпенді, көлігіміздің де аты Көшпенді, ойындар да Көшпенділер мұрасы болғасын өз көлігімізбен баруды ұйғардық.

Тағы бір айта кетерлігі, біздің сапарымыз үшін Әзербайжанның бес жыл бойы жабық тұрған тасымал жолы ашылды. Мұнда Түркия үкіметі Әзербайжан үкіметіне арнайы өтініш жолдады, Әзербайжан да оны мақұлдап, бізге Каспий теңізі арқылы Қазақстанға өтуге рұқсат берді. Осылайша, 1 қыркүйекте Қазақстан аумағына, Ақтау қаласына табанымыз тиді.

а
Фото: instagram.com/oralarnereler

Ал қазақ халқының қонақжайлығын тағы да ерекше айтқымыз келеді, тіпті полицейлер де жәрдемін аямай, арнайы жеткізіп салады. Біз жалпы түркі рухында өстік, отанымызды қатты жақсы көреміз, түрік, татар, қырғыз, қазақ — бәрінің тамыры ортақ деп өстік. Қазақстанға келгенде де көңіліміз алабұртты, көзімізге жас келді. Жергілікті халықтың мейірімі мен қонақжайлылығын көрген сайын осы сезіміміз бен сеніміміз арта түсті.

Біз қазір көшпенді өмір салтын ұстанып жүрміз, кезінде ата-бабаларымыз да осы аймақтан көшуге мәжбүр болған. Анам, әкем, мен Түркияда тусақ та, түбімізді ұмытпадық. Өзіміздің ұлттық тағамдарымызды, дәстүрімізді сақтадық. Күйеуіме де бәрін көрсетіп, түсіндіріп жүремін. Қазір қазақ отбасы бізді қонаққа шақырған сайын, сый-қошемет көрсеткен сайын күйеуіме «Көрдің бе, біздің ұмытпаған екен, біз олардың есіндеміз» деп айтып отырамын. Көшіп-қонып жүрген отбасы үшін бұл өте маңызды.

− Бұл ретте оқырмандар саяхатқа қаражатты қайдан табады деп сұрауы мүмкін. Сіздерде демеуші бар ма? Әлде өздеріңіз мұндай ұзақ сапарға ақша жинадыңыздар ма?

− Әрине, жол алыс, бірақ жолға шыққан адамды Құдай өлтірмейді. Кейде бәрі өз ретімен бола қалғанда өзіміз де таң қалып жатамыз. Табысқа келсек, коммерциялық маркалармен жарнама бойынша коллаборациямыз бар. Оған қоса, өзіміз онлайн жұмыс істейміз, мен пандемиядан бері онлайн психологиялық терапия жасауға көшкенмін. Инстаграм мен Ютуб желісінде «Oralarnereler» атты парақшаларымыз бар. Онда да аудиториямыз өте көп, сапалы контент жасауға тырысамыз.

Әйтсе де, кейде ақшаның күші жетпейтін, ақшамен бағаланбайтын сәттер болады. Әзербайжанда жолдың ашылуы, кемеге мінуіміз — қанша ақшамыз болса да қол жетпейтін дүние еді. Оған екі елдің үкіметаралық келісімі ғана көмектесті. Сол сияқты бізге елшіліктер, консулдықтар, билік органдары және тұтас халық моральді көмек көрсетіп жатыр — біздің тамағымыз бар ма, жағдайымыз қалай деп қамқорлық көрсетіп келеді. Қуаныштымыз, ризамыз, рақметімізді айтамыз.

а
Фото: Анадолы агенттігі

− Инстаграм парақшаңызды мен де оқып тұрамын. Қазақстан шекарасынан өтіп, бірнеше облыстан өткеніңізді көрдім. Біздің елдің табиғаты ұнады ма? Тағамдарымыз жөнінде қандай пікірдесіз?

− Иә Қазақстанның табиғаты бізге ұнады, қазір Ақтөбе мен Қостанайдың арасында иен даладан өтіп келеміз. Жалпы қазір біз көшпенділер мәдениетін дәріптеуге жұмыстанып жүрміз, сол мәдениетті көрсеткіміз келеді. Командамызда Энес Йылдырым атты фотограф досымыз бар, ол Анкарадағы Анадолу агенттігінің фототілшісі, фотография саласындағы өте көп жүлденің иегері. Қазір «Көшпенділер мәдениеті» атты ортақ жобамыз бар. Түркі бірлігі, Тұран тақырыптарына деректі фильм әзірлеп жатырмыз. Яғни, біздің негізгі мақсатымыз — көшпенділер дүниесін көрсету. Әрине, қалалар жақсы, әдемі, бірақ біз Қазақстанның өзін, ішкі аймақтарын көргіміз келеді, бізге сол қызық. Адамның санасын жаулайтын ұшы-қиыры жоқ шексіз даланың өзі керемет.

Тағамға келсек, Қазақстанда еті бар тағамдардың бәрі ұнады, палауды да ерекше айтуға болады. Нағашы әжем бала күнімізде мәнті жасайтын, не дегенмен мәнтіге жететіні жоқ. Жаңа нәрсені көріп-білуге құмар адамдар ретінде қымыздың дәмін бұрын да татқан едік. Қазақстанның батысында түйе сүті танымал екен, оған біздің ағзамыз үйренбеген. Бірақ сыйлап ұсынып тұрған соң бас тарта алмай ішіп, сәл ас қорыту мәселесіне тап болдық (күлді).

− Бастапқы бағыттарыңыз Гүржістан-Ресей арқылы жоспарланып еді, оны өзгертуге не себеп болды? Көшпенділер ойынынан кейінгі жоспарларыңыз қандай?

− Иә барлығы Ресей арқылы бұрынғы жолмен барады екен. Біз де сол бағытты жоспарладық, дегенмен ойлана келе бұл Көшпенділер ойыны, түркі әлемінің ойыны екенін түсініп, көшпенділер жерімен, түркі мемлекеттері арқылы бару керек деп ниеттендік. Білетін адамдардан жол сұрадық, мемлекетіміз де қолдау білдіріп, жабық тұрған жолдар да ашылды.

Астанадағы ойындар біткен соң, түркі әлемі үшін маңызды Түркістан қаласына арнайы барғымыз келеді. Одан соң Алматыға барамыз, оның табиғаты мен таулары ғажап деп естідік. Бәлкім әрі қарай Қырғызстанға да жол түсер. Әзірге нақты айту қиын, жол нені көрсетсе, сол болады.

а
Фото: instagram.com/oralarnereler

Қазір біз Ақтөбеден өттік, енді Астанаға дейін 800 шақырым жол қалды. Жол сапасының нашарлығы сәл қолайсыздық танытты, полиция көлігі жанымызда келе жатыр.

Отырықшы өмірге қашан ораласыздар деген сұрақ мені ғана емес, көпшілікті толғандыратын шығар

− Біздің арманымыз — адамдарға білім беретін, ағартушы бір ауыл жасау. Өзімізге жайлы, көңілден шығатын бір ауыл тапсақ, отырықшы өмірге ораламыз деп ойлаймын.

Біз өзіміз Ыстанбұлда туып-өстік, алайда қазір Ыстанбұлда халық саны шамадан тыс артып кетті. Сондықтан біз үлкен қалада өмір сүргіміз келмейді, табиғатты ерекше жақсы көреміз. Ойымыздағы ауылды жасап шығарсақ, онда сол ауылда тұрақтаймыз.

− Сіздерді Астанада күтеміз!

а
Фото: instagram.com/oralarnereler

 

Соңғы жаңалықтар