Армения қандай ядролық энергоблок салатынын келер жылы нақты шешеді - Пашинян

ЕРЕВАН. KAZINFORM – Армения премьер-министрі Никол Пашинянның төрағалығымен Атом энергетикасы қауіпсіздігі жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Пашинян
Фото: primeminister.am

Жиында Никол Пашинян Армения АЭС-інің қауіпсіздігін арттыру мәселелеріне тоқталып, бұған дейін жоспарланған жұмыстардың орындалу барысын баяндады.

- Әуелгі жобаға сай, армян АЭС-інің екінші энергоблогын пайдалану мерзімі 2016 жылы аяқталды. Алайда үкімет шешімімен оны қолдану уақыты тағы 10 жылға ұзартылды. Осы бағытта алдын ала жоспарланған техникалық іс-шаралар жүзеге асырылып, тиісті жұмыстар толық орындалды. Осы ретте Армения осындай нысандардың пайдалану мерзімін ұзарту жөніндегі халықаралық тәжірибені ескере отырып, энергоблокты 2036 жылға дейін қолдануды жоспарлап отыр. Яғни, белгіленген мерзім екінші рет өзгертілді, - деді Никол Пашинян.

а
Фото: primeminister.am

Бұл үшін мемлекеттік бюджеттен 160 млн доллар бөлінген. Қазіргі таңда жоспарланған жаңғырту жұмыстары 60 пайыз орындалды.

- Армения қолданыстағы АЭС-тің пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін оның орнын басатын жаңа ядролық энергоблок салу мәселесіне басымдық беруге тиіс. Бұл – болашақта еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жалғыз жол. Қазір жаңа ядролық энергоблокты таңдау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мәселеге қатысты 2027 жылы нақты шешім қабылданады деп үміттенеміз, - деді Армения үкіметінің басшысы.

Еске салайық, биыл «Росатом» Арменияға жаңа энергоблок салу бойынша ұсыныс жолдаған еді.