Армения мен Грузия шекараны делимитациялау келіссөздерін қайта жандандырды
ЕРЕВАН. KAZINFORM — Ереванда Армения мен Грузияның мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.
Кездесу Армения Сыртқы істер және халықаралық сауда министрінің орынбасары Ваан Костанян мен Грузия Сыртқы істер министрінің орынбасары Лаша Дарсалияның тең төрағалығымен өтті. Оның барысында тараптар комиссия жұмысының қайта жандануын жоғары бағалап, мемлекеттік шекараны делимитациялау мәселесі екі ел үшін де маңызды екенін атап өтті.
Арменияның сыртқы саяси ведомствосынан хабарлағандай, ресми Ереван мен Тбилиси өзара сындарлы диалогты жалғастыру арқылы бұл жұмыстарды толық аяқтауға мүдделі.
Мұнымен бірге кездесу барысында құқықтық базаға қатысты мәселелер, оның ішінде бұған дейін келісілген хаттамалар және қосымша шаралар легі талқыланды.
Қоса кетсек, таяуда Дүниежүзілік армяндар саммитінде сөз сөйлеген премьер-министр Никол Пашинян Армения мен Түркия таяу жылдары дипломатиялық қарым-қатынас орнататуға ниетті екенін айтты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Армения үкіметінің басшысы Никол Пашинян елдің Еуропа Одағына кіруге 2027-2028 жылдары өтініш беруі мүмкін екенін мәлімдеді.