Арменияда сыртқы барлау бөлімшесі құрылады

АСТАНА.KAZINFORM — Арменияда сыртқы барлау бөлімшесі құрылады. Бейсенбі күні Армения үкіметі кезекті отырысында «Ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» заңға түзету енгізу туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Арменияда сыртқы барлау бөлімшесі құрылады
Фото: report.az

Түзетулер Ұлттық қауіпсіздік қызметі (ҰҚҚ) мен Арменияның Сыртқы барлау қызметі арасындағы функциялардың бөлінуіне байланысты енгізілді. Жаңа бөлімше ҰҚҚ Бас барлау басқармасының құрамында құрылады және шетелдегі Армения дипломатиялық миссияларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты болады.

Заң жобасына сәйкес, шетелдік қарсы барлау бөлімшесіне мемлекеттік және жергілікті басқару органдарының, сондай-ақ ұйымдардың ақпараттық жүйелері мен дерекқорларына қашықтан кіруді қоса алғанда, тегін қол жеткізу мүмкіндігі беріледі. Құжатта ҰҚҚ қарсы барлауы мен Сыртқы барлау қызметі арасындағы ынтымақтастықтың нақты тетіктерін жасау да көзделген.

Түзетулер ведомствоның кадр саясатына да әсер етеді. Атап айтқанда, 30 жастан асқан Армения Республикасының азаматтарын ҰҚҚ шекара әскерлерінде, арнайы күштерінде және арнайы кәсіби білімді қажет ететін басқа да органдарда қызмет етуге шақыруға рұқсат беру ұсынылады.

Естеріңізге сала кетейік, Арменияның Сыртқы барлау қызметі 2022 жылдың желтоқсанында ҰҚҚ-дан бөлініп, оны Кристине Григорян басқарады.

Бұған дейін Арменияның міндетті әскери қызмет мерзімін қысқарту жоспары туралы хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар