Арменияда жаңа Конституция жобасы әзірленіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Арменияның негізгі заңына бірқатар маңызды өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы елдің әділет министрі Србуи Галян парламентте журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.

Арменияда жаңа Конституция жобасы әзірленіп жатыр
Фото: hamk.am

Министрдің айтуынша, алдағы парламенттік сайлаудан кейін жеңіске жеткен партия парламенттегі көпшілікті өз бетінше немесе коалиция арқылы қалыптастыра алмаса, екінші тур өткізілмейді. Мұндай жағдайда барлық саяси күштердің қатысуымен жаңа сайлау тағайындалады.

Тек қайта өткен сайлаудан кейін де парламенттік көпшілік құрылмаса, сонда ғана екінші тур өткізу қарастырылған.

Србуи Галян атап өткендей, жаңа Конституциядағы басты жаңалықтардың бірі — парламенттің өз-өзін тарата алу құқығы. Бұл үшін премьер-министрге сенімсіздік вотумын ұзақ рәсімдер арқылы жариялау немесе оның отставкаға кетуін күтудің қажеті жоқ. Жоба депутаттардың белгілі бір бөлігі бастама көтерген жағдайда, қажетті дауыс саны жиналса, парламентті таратуды көздейді.

Сонымен қатар, жаңа Конституцияда парламенттік комиссиялардың өкілеттіктерін кеңейту ұсынылады. Атап айтқанда, атқарушы органдар басшыларын тағайындау кезінде комиссияларға консультациялық қорытынды беру құқығы берілмек.

Бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинянның елдегі парламент сайлауына қатысатыны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар