Арнайы топ барлық деректі тексеріп жатыр — Үкіметтік комиссия өкілі
АСТАНА. KAZINFORM — Үкіметтік комиссия өкілі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Избергенов мәлімдеме жасады. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
— Бүгін сағат 09:15–те үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде қалған екі әскери қызметшінің денесі табылды. Осылайша, оқиға болған аумақтағы іздестіру жұмыстары толық аяқталды.
Қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туысы мен жақындарына, сондай-ақ қаруластарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Үкіметтік комиссия өз жұмысын жалғастырып жатыр, — деді Үкіметтік комиссия өкілі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Избергенов.
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр.
— Қазіргі уақытта құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізуде, қылмыстық іс қозғалды. Арнайы топ оқиғаның барлық мән-жайын және себеп-салдары байланыстарын анықталып жатыр.
Тергеу барысында болған оқиғаға қатысты барлық сұрақтарға толық жауап беріледі. Әрбір дерек мұқият тексеріліп, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Тергеу және сот нәтижесінде кінәсі анықталған тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, — деді ол.
Үкіметтік комиссия өз жұмысын жалғастырып жатыр. Негізгі міндет — қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын объективті түрде анықтап, қажетті шаралардың барлығын қабылдау.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.
Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.
Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.
Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.
Бүгін Каспийде екі әскери қызметшіні іздеу операциясына жүздеген адам жұмылдырылғаны хабарланды.
Сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар күдікке ілінгені туралы жазған едік.
Айта кетелік Каспийдегі төтенше жағдайдан кейін құтқарылған әскери қызметші есін жиған еді.
Бүгін Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылып, іздестіру операциясы аяқталған еді.
Сонымен қатыр Каспийдегі әскери қызметшілердің қазасына байланысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр.