Арнайы жұмыс тобы Алматыдағы Қазпошта қызметкерлерінің талаптарын қарап жатыр

«16 қыркүйекте Алматыдағы «Қазпошта» филиалы ғимаратының алдына қызметкерлер жиналып, төмен жалақы мен кәсіби және мемлекеттік мерекеге сыйақының берілмейтінін айтып, наразылық білдірген еді. Осыған байланысты Алматыға «Қазпоштаның» басқарушы директоры Ержан Байтана және мен де бардым. Кездесу барысында әрбір қызметкер өз талабын айтты. Олар көтерген мәселелер бізге бұрыннан белгілі. Кездесу қорытындысы бойынша аталған проблеманы шешуге бағытталған жұмыс тобын құрдық. Ол қызметкерлердің барлық талаптарын қарайды», - деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев.
Жұмыс тобының құрамына «Қазпоштаның» екі басқарушы директоры, кәсіподақ төрағасы, сондай-ақ талап қойған қызметкерлер тобынан екі өкіл кіреді.
«Аталған комиссия бүгін сағат таңғы 09:00-де жұмысқа кірісті. Екі аптадан кейін жұмыс тобы қорытынды шығарыды. Сол уақытта филиал қызметкерлерімен кездесуді жоспарлап отырмын», - деп атап өтті Серік Саудабаев.
Еске салайық, 16 қыркүйекте Алматыда «Қазпошта» АҚ филиалы ғимаратының алдына бір топ қызметкер жиналып, жалақыны көтеруді талап еткен болатын . Онда кейбір қызметкер тіпті 40 мың теңге жалақы алатындарын да айтқан еді. Дегенмен аталған компания бұл апараттты жоққа шығарды.