«АрселорМиттал Теміртаудың» елден кетуі шахтерлер жалақысына әсер ете ме
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев шахтерлердің жалақысы мен жұмыс берушінің әлеуметтік міндеттемелері жөніндегі болжамдар мен қауесеттерге қатысты жауап берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Меншік иесінің ауысуы компанияның ұжымдық шарт шеңберіндегі міндеттемелерін орындау бойынша барлық жауапкершілікті алып тастайды деген болжамдар мен қауесеттерді жоққа шығарғым келеді. Меншік иесінің өзгеруі жалақы мөлшері мен кәсіпорын жұмысшылары алдындағы әлеуметтік міндеттемелерге еш әсер етпейді», - деді Е. Бөлекпаев Қарағанды облысында өткен брифингіде.
Әкімнің айтуынша, барлық қызметтердің іс-қимылын үйлестіру үшін жедел штаб құрылған.
«Алдын ала болжамымыз бойынша, лавада өрт тұтанған. Жер астынан 252 кеншінің 208-і шығарылды. Олардың 18-і медициналық көмекке жүгінді. Зардап шеккендердің барлығы медициналық бақылауда. Прокуратура органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, жауапты тұлғаларды анықтау мақсатында апат себептерін іздейтін үкіметтік комиссия жұмыс істейді. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Президент 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады», - деді облыс әкімі.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы тапсырма берді. Кейін Үкіметтің баспасөз қызметі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның меншік құқығын ҚР меншігіне қайтару туралы келісімшарттың аяқталуға жақын екенін мәлім етті.
Бүгін түнде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болғанын бұған дейін жазған едік. Сағат 17.33-тегі мәлімет бойынша 33 кеншінің денесі табылды,13 адам іздестіріліп жатыр.
29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланады.