11:54, 31 Қаңтар 2009 | GMT +5
Аршалы аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясында аудан әкімі есеп берді
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 31-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-Ақмола облысына қарасты Аршалы аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар өздері сайлаған аудан әкімі Ермек Маржықпаевтың өткен жыл жұмысының есебін тыңдап, бірқатар өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тішісі.
Жыл ішінде өңірде өнеркәсіп өнімінің көлемі 91,7 пайызға, мал өнімдерін өндіру 96,7 пайызға, негізігі капиталға инвестиция тарту 91,3 пайызға орындалған. Аудан басшысының баяндауынша, аймақтағы негізгі өндіріс ошақтары «Қазшпал», «Аркада-Инждастри» акционерлік қоғамдары мен «Нефрит-СВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестік өніміне деген сұраным азайып, өндірістің тоқтауына тура келген. Дегенмен кәсіпорындар басшылары өздерінде жұмысқа тартылған 500-ге тарта адамның табыссыз қалмауын бақылауға алып отырған көрінеді. Әкім қаржы тапшылығының күрделі тұстарын талдап, оның себеп-салдарын сараптады. Жер теліміне деген сұранымның азаюйы, қайтарым-несие бойынша салынған пәтерлердің сатылмауы қолбайлау болған. Туындаған сауалдар Жібек жолы ауылында ауызсу тапшылығы, аудан орталығында балабақша мен көшелерді жарықтандыру, елдімекендер арасындағы жолдың жайсыздығы, жас мамандар тапшылығы турасында өрбіді. Аудан әкімі олардың әрқайсысына тиянақты жауабын қайтарып, шамасы келгенше ретке келтіруге уәде берді. Ағымдағы жылы Аршалы кентіндегі балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, екі мектепті пайдалануға беру, телефон байланысын толықтай шешу, автобус қатынасын ретке келтіру, елдімекендерді абаттандыру мен көгалдандыру жалғасын таппақ. Есепті басқосу қарсаңында өңірде селолық округ әкімдері мен аудан басшысының қатысуымен 22 кездесу өткізіліп, соның барысында 168 өтініш түскен. Ауылдық жерлерде қойылған сауал қабылдау жәшіктеріне 22 ұсыныс салынған. Оларда негізінен әлеуметтік түйткілдер көтерілген. Жиналған жұрт аудан басшысының жыл ішіндегі жұмысына ризалықтарын білдіріп, мақсатты ісін орындауына тілектестіктігін білдірді.Жалпы облыс бойынша бүгінгі күні барлық 17 аудан әкімдерінің есепті жиналыстары өтіп, соның барысында алдағы күндерге басты мақсаттар айқындалды. Алтыншы ақпан күні облыс әкімі жұртшылық алдында есеп бермек.