Артериялық гипертония кезінде қандай диета ұстанған жөн – кардиолог кеңесі

қан қысымы
Фото: freepik.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Ересектер арасында ең көп таралған созылмалы жүрек-қан тамырлары ауруының бірі - артериялық гипертония. Қимыл-қозғалыстың аздығы, зиянды тамақтарды тұтыну салдарынан бұл дертке шалдыққандар саны артқан. Петропавлдағы «Денсаулық» жеке коммерциялық емес емханасының кардиолог дәрігері Станислав Гиричев ауру жайында, оның алдын алу шаралары туралы айтып берді. 

Дәрігердің айтуынша, артериялық гипертония немесе артериялық гипертензия - артериялық қан қысымының ұзақ уақыт бойы тұрақты түрде сынап өлшемімен 140/90 мм дейін және одан жоғары көтерілуі.

«Сырқаттардың 90% дерттің пайда болуына не себеп екенін анықтау мүмкін емес. Бірақ бізге гипертонияның дамуына әсер ететін факторлар белгілі, олар – зиянды әдеттер, эмоционалдық стресс, жынысы мен жасы, артық дене салмағы. Әр артық килограмм қысымды орта есеппен 1-3 мм дейін арттырады. Артериялық гипертензияның пайда болу қаупі толық адамдарда 2-6 есе жоғары.
Ал 5% аурудың өршуіне не себеп болғаны белгілі, мәселен, бүйрек ауруы гипертонияға әкелуі мүмкін», - дейді Станислав Гиричев.

Дертпен күресте ең бірінші өмір сүру салтын қайта қараған жөн. Маманның айтуынша, ең бастысы зиянды әдеттер – темекі шегуден, темекі шегу қан қысымының 10-30 мм дейін жоғарылауына әкелуі мүмкін, бас тарту керек.

«Аз қозғалатын, кеңседе көп отыратын адамдарда дене шынықтырумен айналысатын адамдарға қарағанда артериялық гипертонияның даму ықтималдығы 20-50% жоғары.
Артериялық гипертонияға қарсы препараттарды өмір бойына ішуге тура келеді. Қан қысымы дұрысталса да емді тоқтатуға болмайды. Дәрі ішуді тоқтатқан жағдайда қайтадан қан қысымы көтеріліп, инсульт, инфаркт алу қаупі артады», - дейді Станислав Гиричев.

Артериялық гипертензия кезінде адамның көбінесе желке аймағында басы ауырады, басы айналады, көзінің алдында қара дақтар пайда болады, ұйқысы бұзылып, жиі оянуы мүмкін. Бұдан бөлек мазасы кетіп, ашуланшақтық, шаршау, депрессиялық көңіл-күй пайда болады. Көру қабілеті бұзылып, жүрек тұсы ауырсынуы мүмкін.

«Қан қысымының күрт жоғарылауына кейде дағдарыс әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ жүйкеге психикалық немесе физикалық шамадан тыс жүктеме, ауа-райының өзгеруі, метеосезімтал жадарға магниттік дауылдар, жиі темекі шегу, қан қысымын төмендететін кейбір дәрі-дәрмектерді күрт алып тастау, алкогольді ішімдіктерді тұтыну, тұзды және түнде тамақ ішу, қан қысымының жоғарылауына ықпал ететін заттар бар тағамдарды немесе сусындарды тұтыну - көп мөлшерде кофе ішу, шоколад, ірімшік, уылдырық және т.б. жеу қан қысымын көтеруі мүмкін. 

Сондықтан артериялық гипертензия кезінде диеталық ұсыныстарды сақтаған жөн. Ең алдымен, артық дене салмағын қалыпқа келтіруге, қалыпты салмақта - липидтер алмасуының бұзылуын түзетуге бағытталуы керек.

Артериялық гипертензия кезінде ас тұзын тұтынуды шектеу өте маңызды, өйткені бұл қан тамырларының қабырғаларында натрий тұздарының жиналуы қан тамырларының тонусына зиянды әсер етеді. 

Тамырлардың қабырғаларында түзетін холестерин мен басқа липидтердің деңгейін төмендетуге тырысу керек. Тамырлардың қабырғаларын нығайту үшін С дәрумендері мен рутинді, минералды заттар - кальций мен магний де тұтыну маңызды», - дейді дәрігер.

Артериялық гипертензия ұзақ уақыт дұрыс емделмеген жағдайда асқынып, инфаркт, инсульт, жүректің ишемиялық ауруы, көзге қан кету, өкпе ісінуі, деменция, жүрек, бүйрек жеткіліксіздігі сияқты ауруларды тудыруы мүмкін.

Бұған дейін СҚО-да 43 жетім баланың пәтер кезегінен негізсіз алынғанын айтқан едік.

Соңғы жаңалықтар