Арыстағы өрт: Наурыз ауданынан 1700 адам эвакуацияланды

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат – Арыс қаласының Наурыз ауданынан 1700 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, 6 тамыз күні сағат 16:25 минутта Арыс қаласының «Арыс» теміржол вокзалында жүк пойызының контейнерінен өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. 2 контейнерде 54 ыдысқа тиелген «сары фосфор» болған. Аталған пойыз Жамбыл облысынан Ресейге бет алған.

Өрт шыққан вагондар «Қазақстан Темір Жолы» АҚ күшімен пойыздан ажыратылып, қауіпсіз жерге қойылды.

Сағат 17.50-де оқиға орнында жедел штаб құрылды.

Жергілікті әкімдік тарапынан «Наурыз» мөлтекауданынан 1700 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 1050 адам туыстарының үйіне жайғасса, 650 адам уақытша ашылған 4 эвакуациялық пунктке орналастырылды.

Оқиғаға байланысты Түркістан облысы ТЖД жедел желіні іске қосты.

Оқиға орнында құрылған жедел штабта облыс әкімінің орынбасары С. Қалқаманов, облыстық ТЖД бастығы Н. Жүнісов, облыстық Полиция департаментінің бастығы А.Сейдуалиев, Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекова, Арыс қаласы бойынша ТЖ комиссиясы мен авариялық қызмет өкілдері жұмыс істеуде. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан өрт сөндірілгеннен кейін ауа сынамасы алынды.

Полиция департаменті өрт болған пойыз аумағы мен елді мекен маңын қоршап, 6 блок-бекет қойды.

Өрт сөндіруге 291 адам, 42 техника және өрт сөндіру пойызы жұмыс істеуде.

Өрт 21.55-те толықтай сөндірілді.

Осыған дейін Арыста пойыз контейнеріне тиелген сары фосфордың жанып жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Кейінірек осы өрт салдарынан тұрғындардың эвакуацияланып жатқаны хабарланды.

Облыс әкімінің орынбасары Наурыз ауданы тұрғындарының қауіпсіз аумаққа көшу қажеттігін айтты.


Соңғы жаңалықтар