Асаба адамның жүрегін жаралайтын әзілден аулақ болуы керек

АСТАНА. KAZINFORM — Тойда айтылатын әзіл-қалжың мен жүргізушінің сөзіне той иесі алдын ала талап қоюы керек. Бұл туралы Нұрлан Байжігітұлы «BIZDIN ORTA» подкастында айтты.

Асаба адамның жүрегін жаралайтын әзілден аулақ болуы керек
Видеодан алынған скрин

Оның сөзінше, той иесі асабамен алдын ала сөйлесіп, қандай тақырыптарға әзіл айтуға болмайтынын нақты түсіндіруі қажет.

— Сен асаба ретінде қандай қалжыңдар айтасың? Ертең құдаларымыз келеді. Бізде мынадай жағдайлар бар. Әкесі жоқ адамның қасында әкені мақтама, баласы жоқ адамның қасында баланы көтерме, жары жоқ адамның қасында әйелдің орнын айт. Бұл адамның жүрегін жараламау. Сондықтан сөзді таңдап сөйлеу керек кейбір сөздің адамға сырттай ауыр тимегенімен, жүрегінде із қалдыруы мүмкін, — деді Нұрлан Байжігітұлы.

Нұрлан Байжігітұлы асабаның әзілінде адамның жеке өміріне қатысты мәселелерді қозғауға ерекше мән беру керектігін айтты. Оның пікірінше, адамның ата-анасы, отбасы, бала-шағасы немесе басқа да жеке жағдайлары әзілге арқау болмауы тиіс.

Сонымен қатар ол кей жағдайда құдалық пен той кезінде адамның ата-анасына қатысты ауыр сөздер айтылатынын да жеткізді.

— Әкесі қайтыс болған адамға «сен әке көрмегенсің, тәрбие көрмегенсің» деп төмендетіп сөйлейтін жағдайлар жиі болып жатады. Мен соның куәсі болдым. Бір құдалықта асаба сөзінен кейін «менің құдам жоқ, кімді құшақтаймын» деп жылаған адамның да куәсі болдым, — деді ол.

Асаба адамның жүрегін жаралайтын әзілден аулақ болуы керек
Видеодан алынған скрин

Осыған байланысты ол той иесі асабамен алдын ала нақты келісуі керек деп санайды.

— Асабамен нақты келісіп алу керек. Сен қандай қалжыңдар айтасың? Тойды басқарасың, біз саған үміт артып отырмыз. Бірақ мынадай сөздерді айтпа, ерсі қылық көрсетпе деп алдын ала айту қажет, — деді Нұрлан Байжігітұлы.

Оның пікірінше, асаба тек көңіл көтерумен шектелмей, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін терең білуі керек.

— Неге сен сәл де болса белден төмен өтетін әзілдерге бара бересің? Неге жоғарырақ, ұлағатты, қазақтың болмысын көрсететін әзілдерді айтпайсың? Қазақ тарихында ондай әзілдер өте көп. Асаба кішкене оқуы керек, талғамы жоғары болуы керек, — деді ол.

Нұрлан Байжігітұлының айтуынша, тойдың мазмұны мен шекарасын белгілеуде соңғы сөз той иесінде болуы заңды.

— Үйдің иесі сондайды талап етсе асаба сіздің ыңғайыңызға көнеді. Өйткені ақша төлеген адамның сөзі өтімді. Сондықтан ол тойдың иесіне байланысты деп есептеймін, — деді ол.

Бұған дейін қоғамда тойшылдықтың маңызы қандай екенін жазғанбыз.