Асанәлі Әшімов ақтөбелік жас әріптестеріне сын-ескертпелері мен кеңесін айтты
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Ақтөбеге гастрольдік сапармен келді. Баспасөз мәслихаты кезінде Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов Тахауи Ахтанов есімін иеленген Ақтөбе облыстық драма театрының драматургтің өз пьесаларын сахналамауын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 1-5 мамыр аралығында ақтөбеліктерге «Актерді өлтірген кім?», «Ақтастағы Ахико», «Бейбарыс сұлтан», «Сыған серенадасы», «Таңсұлу», «Қоштасқым келмейді» атты спектакльдерін сахналайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірлерді аралауға шыққан театр ұжымы соңғы 10 жылда Ақтөбеге ат ізін салмағанын айтып отыр. Шақыру болмаған, ұсыныс түспеген.
«Облыстардан шақыру болса, барамыз. Театр бір-екі адамның шабаданды көтеріп, жолға шығып кететін жұмыс емес. Кәсіби театр сахнадағы атмосфераның 50-60 пайызын көшіріп әкелуі керек. Декорация, костюмге жауапты мамандар да келеді. Бір апта бұрын екі жүк көлігі Ақтөбеге жолға шықты. Барлығы 60-қа жуық адам қонақүйге қоныстанды. Бәрін қамтамасыз ету қиынға соғады. Театр пайда көзі емес, табыс әкелмейді. Рухани құндылықтар ордасы қиындықтарды жеңіп, аудан, ауылға шығуға мүмкіндік болады деп ойлаймыз», - деді драма театр директоры Асхат Маемиров.
Ақтөбеге арнайы келген актер Асанәлі Әшімов жас әртістеріне өз ой-пікірін, сын-ескертпелерін білдірді. Актердің айтуынша, Ахтанов театрында жазушы, драматругтің өз спектакльдерін сахналау қажет. Осы себепті алдағы уақытта театрда Ахтановтың «Боран» пьесасын қою ұсынылды.
«Өзім «Боран» спектаклінде ойнадым. Ақтөбе театры Тахауи Ахтановтың атын алады да, шығармаларын сахналамайды. Міндетті түрде сахналануы тиіс. Мұхтар Әуезов театры Әуезовтің драматургиясына жиі барады. «Абай», «Еңлік-Кебек», «Қаракөзі» бар. Сондықтан Ахтанов театры міндетті түрде Ахтановтың шығармаларын қою керек. Аты бар, шығармалары жоқ. Бұл дұрыс емес»,- деді Асанәлі Әшімов.