Асайын Байханов Екібастұз жылу желілерін жөндеу қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды

None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұзға барды. Ол №7 мектепте болып, жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді, жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылумен қамту желілеріде параметрлердің төмендеуінен жылусыз қалған көптеген мекеменің ішінде №7 мектеп те болды. Жағдайды жақсарту үшін қаңтар айының ортасында М. Жүсіп пен Кеншілер көшелеріндегі желілерге жөндеу жүргізілді. Жұмыс қорытындысы бойынша жылумен қамту желілерінде жағдай айтарлықтай жақсарды»,- деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жылу 59-дан 65-75 градусқа дейін, ал мектептегі температура 17-19 градустан 18-23 градусқа дейін көтерілді. Асайын Байханов жөндеу жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпей, әлеуметтік нысандарға баса назар аударуды тапсырды.

Аймақ басшысы Кеншілер, Молодежная және Гридина көшелеріндегі жылу желілерін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерін аралап көрді.

«Бүгінде Екібастұзда жылу желілеріндегі 130-дан астам ақау жойылды, 23-інде жұмыс жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Зақымдану орындарында кеншілер қаласының коммуналдық қызметтерінен бөлек облыс орталығының жедел топтары да жұмыс істеп жатыр», - деп атап өтті әкімдікте.

Қаланы аралап шыққан аймақ басшысы жедел штабтың отырысын өткізді. Асайын Байханов жөндеу жұмыстары аяқталған аумақтарды қалпына келтіру қажеттігін атап өтті. Облыс әкімі қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қаңтар айының соңына дейін жөнделген аумақтардың 80 пайызын қалпына келтіруді тапсырды. Коммуналдық қызметтерге қойылатын талаптар орындалмаған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылатыны ескертілді.


Соңғы жаңалықтар
telegram