Әскерге SMS-хабарлама арқылы шақыру қалай ұйымдастырылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев әскерге SMS-хабарлама арқылы шақыру қалай ұйымдастырлатынын айтты. 

Әскерге SMS-хабарлама арқылы шақыру қалай ұйымдастырылады
Фото: Миллий статистика қўмитаси

Оның сөзінше, болашақ сарбазға SMS-хабарлама келгеннен кейін 3 күннің ішінде шақыру бекетіне бару керек.

— Шақыру кемінде күнтізбелік үш күн бұрын ұялы байланыстың абоненттік нөміріне және «электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының кабинетіне мәтіндік хабарлама арқылы шақыру қағазын жіберу жолымен жүзеге асырылады.

Ұялы байланыстың, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген абоненттік нөмірі туралы мәліметтер болмаған жағдайда, қағаз жеткізгіштегі шақыру қағазы қолма-қол жеткізіледі не тұрғылықты жері тіркелген мекенжай, уақытша тұратын (болатын) жері немесе жұмыс орны бойынша пошта арқылы жіберіледі. Жергілікті әскери басқару органдарының уәкілетті адамдары, ұйым басшысы не пошта операторының курьері шақыру қағазын әскери қызметке шақырылуға жататын азаматқа оның қолын қойғыза отырып, жеке өзіне тапсырады, — деді ол.

Қарулы күштері Бас штабының өкілі әскери қызметке шақырылған азамат шақыру қағазын қабылдаудан бас тартқан кезде оны табыс ететін адам шақыру қағазына тиісті белгі жасайды. Ол жергілікті әскери басқару органына қайтарылады. Шақыру қағазын қабылдаудан бас тартқан азамат тиісті түрде хабарланған болып есептеледі.

Сондай-ақ, ол әскери қызметке шақырылған азамат шақыру қағазын алмағанын айтып жалтара алмайтын жағдайларды жеке атады. Олар:

1) өзі жергілікті әскери басқару органына берген не азаматтың атына тіркелген ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша алса, жеткізілгенін растайтын есепті алған кезде;

2) «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік нөміріне қысқа мәтіндік хабарлама жіберіле отырып, «электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының кабинетінде;

3) тұрғылықты жері тіркелген мекенжай, уақытша тұратын (болатын) жері немесе жұмыс орны бойынша алса, сондай-ақ шақыру қағазын жергілікті әскери басқару органында алған кезде тиісті түрде хабардар етілген болып есептеледі.

Бұған дейін 28 тамызда Қазақстанда ресми түрде күзгі әскерге шақыру науқаны басталғанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар