Әскери дайындық мұғалімдері үшін курстар неге қолжетімсіз

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда әскери дайындық пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру жүйесінде талаптардың толық сақталмауы және курстардың қолжетімділігіне қатысты мәселе бар. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.

Қазақстан мектептерінде алғашқы әскери дайындықтың жаңа стандарты енгізілді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Вице-министрдің айтуынша, біліктілікті арттыру Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің № 175 және № 95 бұйрықтарына сәйкес жүргізілуі тиіс. Алайда бұл талаптардың толық көлемде сақталмауы байқалады.

— Курстарды өткізетін ұйымдар белгіленген талаптарға сай болуы керек. Сонымен қатар білім беру бағдарламалары Оқу-ағарту министрлігі тарапынан міндетті сараптамадан өтуі тиіс. Бірақ бұл талаптар барлық жағдайда бірдей сақталып отырған жоқ, — деді ол.

Сонымен қатар, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру барысында да тәуекелдер бар.

— Қорғаныс министрінің 2025 жылғы 7 тамыздағы № 997 бұйрығына сәйкес, біліктілікті арттыру курстары бір ғана ұйым — «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ арқылы ақылы негізде өткізіліп жатыр. Курстың құны 57 мың теңгені құрайды, — деді Шынар Ақпарова.

Оның сөзінше, бұл көптеген педагог үшін қолжетімсіз.

— Бұл жағдай педагогтердің біліктілігін арттыру мүмкіндігін шектейді, — деді вице-министр.

Сонымен бірге бұл мәселе заңнамалық тұрғыда реттеуді қажет етеді.

— «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес педагогтердің біліктілігін арттыру қамтамасыз етілуі тиіс. Ал «Білім туралы» заңға сәйкес, бұл міндет білім беру ұйымдарының құзыретіне жатады. Сондықтан бұл бағыттағы мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет, — деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін әскери дайындық пәнін оқыту жүйесін жетілдіру мәселесі көтерілген еді.

 

Соңғы жаңалықтар