Аслан Тапишев БҚО Дін істері басқармасының басшысы болды
ОРАЛ. KAZINFORM – Конкурстық комиссия қорытындысына сәйкес, облыс әкімінің өкімімен Аслан Тапишев БҚО Дін істері басқармасы басшысы болып тағайындалды.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, А.Тапишев 1985 жылы Орал қаласында дүниеге келген.
Білімі жоғары. Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған.
Әр жылдары «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы БҚО филиалының басшысы, «Батыс Қазақстан облыстық Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті, БҚО әкімдігі қоғамдық даму басқармасының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы болып қызмет атқарды.
Қазіргі лауазымға дейін Орал қаласы әкімінің орынбасары болды.
Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев жаңа басшыны ұжымға таныстырып, сәттілік тіледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейімбет Мусиннің БҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқаратынын жазған едік.