Ассамблеяға 30 жыл: Қазақстанда қанша этнос тұрады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа 30 жыл толды және Алғыс айту күні аталып өтеді. Бұл ұйым 1995 жылы еліміздегі этносаралық келісім мен татулықты сақтау мен нығайту үшін құрылған еді.

Ассамблея қалай құрылды
Ғасырлар бойы қазақ даласы түрлі мәдениеттер мен дәстүрлер тоғысқан ортаға айналды. Түрлі тарихи оқиғаларға байланысты XVIII ғасырдан бастап, Ресей империясынан қоныс аударған татарлар, орыстар, украиндер, немістер келе бастады. 1937 жылы Кеңес Одағы депортациялаған кәрістер, ал 1944 жылы – шешендер мен ингуштар Қазақстанға күштеп көшірілді. Бұл көш 1954 жылы басталған тың игеру жылдары жандана түсті.
Ал егемендік алған жылдары Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді нығайту Тәуелсіздікті сақтаудың басты негіздерінің біріне айналды, оң этносаралық диалог пен татулықты сақтауға ықпал ететін құрылым қажет болды. Осылайша 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды.
Алғашында оның мәртебесі Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган болып бекітілді. Дегенмен, ассамблея аталған мәртебеден де мықты құқықтық негізі мен қоғамдық-саяси мәртебесі бар конституциялық органға дейін өсті. Мемлекет басшысы Ассамблея ұсынған Парламент Сенатының 5 депутатын тағайындайды. Ел аумағында мыңнан астам этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі және Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді.
Одан бөлек, Президент тапсырмасымен құрылған «Ассамблея жастары» бірлестігі мен Медиация кеңесі белсенді жұмыс істейді. Өңірлерде ашылған Достық үйлері де этномәдени бірлестіктердің ғана емес, жергілікті қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдар мен жастардың ортасына айналды. Еліміздің барлық өңірлерінде ҚХА Журналистер клубы және этникалық БАҚ жұмыс істейді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде этносаралық келісім мен тұрақтылықтың мызғымас кепіліне айналды. Жыл басынан бері еліміздің барлық өңірінде Ассамблеяның 30 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылып келеді, ондағы әрбір бастама елдегі бірлік пен татулықты одан әрі нығайтуға бағытталған.
− Осы жылдары Ассамблеяның бастамалары елімізде бейбітшілік пен өзара түсіністік орнап, әрбір этностың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, жалпыұлттық мүдде жолында өркендеуіне мүмкіндік жасады. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы – әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалған этносаралық татулық пен бірліктің бірегей үлгісі. Халықаралық аренада «қазақстандық модель» тұрақтылық пен келісімнің сәтті тәжірибесі ретінде жоғары бағаланады. Бұл – бірлік пен достықты бағалай білетін халқымыздың ортақ жетістігі. Біз осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат етуіміз керек. Біздің басты байлығымыз – халқымыздың татулығы мен ел ішіндегі тұрақтылық, − деді ҚХА төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов.
Қазақстанда қанша этнос өкілі бар
2021 жылы жүргізілген Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағы бойынша, елімізде 122 ұлт пен ұлыс өкілі тұрады. Дәлірек айтқанда, қазақтар – 13 497 891, орыстар - 2 981 946, өзбектер – 614 047, украиндар – 387 327, ұйғырлар – 290 337, немістер – 226 092, татарлар – 218 653, әзербайжандар – 145 615, кәрістер – 118 450, дүнгендер – 78 817, белорустар - 76 484, күрдтер – 47 880 және басқа этнос өкілдері бар.
Тиісінше, мемлекетті құраушы ұлт қазақтар – 70,4%, орыс халқы – 15,5%, өзбектер – 3,2%, украиндер – 2%, ұйғырлар – 1,5%, немістер – 1,2%, татарлар – 1,1%, әзербайжандар – 0,8%, кәрістер – 0,6% және басқа ұлттар көрсеткіші анықталған.
Қазіргі уақытта Қазақстанда мыңнан астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Өңірлерде ҚХА жұмысын үйлестіретін және қамтамасыз ететін 34 Достық үйі бар. Бұл Ассамблеяның көпфункционалды ресурстық орталықтары (интеграция, медиация және волонтерлік) және Ассамблеяның бірқатар республикалық және халықаралық жобаларын іске асырушы алаңдары саналады.
− Кезінде Кофи Аннан Ассамблеяға «Қазақстанда бір мемлекеттің негізінде БҰҰ үлгісі қалыптасты» деп баға берген еді. Сондықтан бұл тәжірибені, бұл датаны Тәуелсіздігіміздегі ерекше оқиға деп атауға болады. Қазақ халқы ғасырлар бойы өз Тәуелсіздігін аңсады және тарихи тұрғыда қаншама тағдырлардың, түрлі ұлт өкілдерінің ортақ Отаны болып қалыптасты. Мұны мақтан тұтып, жастарымызға жеткізіп айтып отыруымыз керек. Сондықтан ҚХА – тек қана ұлтттар мен конфессиялардың сұхбаттасу алаңы емес, түрлілік пен бірегейлікті қалыптастыратын алаң, − дейді ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.
1 наурыз – Алғыс айту күні
Ассамблея құрылған 1 наурыз 2016 жылдан бері елімізде мереке ретінде аталып өтеді. Бұл күннің басты мазмұны – қазақ еліне кезіндегі қолғабысы мен қайырымды ісі үшін алғыс айту. Түрі, діні, тілі, мәдениеті, салт-дәстүрлері басқа этнос өкілдерін бөтенсімей, өгейсітпей көкірегіне басқан қазақтың шексіз мейірімі мен жүрегінің кеңдігін ерекше атап өту керек. Бұл – азаматтардың бір-біріне құрмет көрсетіп, алғыс айтатын, елді бірлікке шақыратын мереке. Еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп, ел ертеңі үшін еңбек етіп жатыр.
1946 жылы Кеңес одағында жер аударылған халықтардың жалпы саны 2,5 миллионға жеткен. Кейбір деректерде үш миллионға жуықтаған деп көрсетіледі. Ал осының ішінде Қазақстан аумағына 1 миллион 200 мың адам жер аударылған. Алайда құжаттарға сүйеніп, елімізге көшірілген халықтың нақты санын айту өте қиын. Себебі қоныс аударушыларды әр ай сайын қайта тіркеу, оның ішінде жаңадан қосылғандармен араластырып тіркеу, бір отбасын басқа жерге қайта көшіріп жіберу, туыстардың бөлініп кетуі, кейбір отбасының қайта қосылуы секілді жағдайлар өте көп кездескен.
Әр жылдары 800 мыңдай неміс, 102 мың поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 550 мың өкілдері, Қиыр Шығыстан 18,5 мың корей отбасы жер аударып, көшіп келуге мәжбүр болған деген дерек бар. Жер аударылғандар қазақ даласында көбіне егін шаруашылығымен, мал өсірумен айналысты. Кейін барлық өнеркәсіп саласына атсалысты. Бұл Қазақстан экономикасының дамуына мол үлес қосты.
Кейін 1957 жылы күштеп жер аударылған халықтардың өз Отанына қайтуына рұқсат берілді. Соған қарамастан, олардың көбі қазақ жерінде қалып қойды. Кавказ халықтары мен немістерге, түріктерге ғана өз жерлеріне қайтуға мүмкіндік берілмеді. Жер аударылғандар Сталиннің өлімінен кейінгі Хрущевтің «жылымығы» жылдарында жағдай түзеле бастады. Осы кезде күштеп қоныс аударылған халықтардың қазақ жерінде туып-өскен жаңа буыны өсіп, өркендеді, олар әр салада еңбек етті. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстанды өз Отаны санайтын буын ел үшін қызмет етіп жүр.
Айта кетейік, Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше, Ассамблеяның 30 жылдығын мерекелеу аясында елімізде және шетелде түрлі форматтағы 150-ден астам іс-шара ұйымдастыру және кемінде 1,5 млн адамды қамту жоспарланып отыр.
Бүгін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Алғыс айту күніне арналған форум өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығының ресми ашылу салтанаты өтті.