Астана әкімдігі кеше әскери шеруге кіре алмаған тыл ардагерінен кешірім сұрады
АСТАНА. KAZINFORM — Тыл ардагері Теңдік Изақовтың әскери шеруге кіре алмай тұрған видеосы кеше әлеуметтік желілерде желдей есіп, тарап кетті.

Бүгін ақсақалдан Астана әкімдігі кешірім сұрап, көп жылғы еңбегі үшін алғыс айтқаны белгілі болды.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, қаланың Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов тыл еңбеккері профессор Теңдік Изақовпен және оның отбасымен кездесіп, көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдіріп, 7 мамыр күні шеру өтетін орынға кіре алмағаны үшін кешірім сұраған.

— Іс-шара аумағына өту арнайы әзірленген тізім бойынша жүзеге асырылды. Орын санының шектелуін, сондай-ақ ардагерлердің жасы ұлғайғанын ескере отырып, тізім ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің туыстарынан тікелей түскен өтініштер бойынша ғана әзірленді, — деп түсіндірді әкімдіктен.
Бұл ретте шеруге еліміздің барлық өңірінен ардагерлер мен тыл еңбеккерлері қатысты. Теңдік Изақовтың отбасынан өтініш түскен жоқ.
Әкімдік Теңдік Изақов пен оның жақындарынан туындаған жағдайға байланысты шын жүректен кешірім сұрап, қарияны 9 мамыр күні гүл шоқтарын қою рәсіміне шақырған.
Еске сала кетейік, кеше 7 мамыр Отан қорғаушы күні мерекесіне орай Астанада әскери шеру өткен болатын.