Астана әкімдігі мердігер компанияларға Тұран, Республика даңғылдарын қайта жөндетуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қалалық мәслихатының депутаты Владислав Сергеев елордадағы Тұран және Республика даңғылдарының екі жыл өтпей жатып қайта жөндеуге қажет ететін халге түскенін мәселе етіп көтерді.

- Бюджетті нақтылау жобасындағы жол жөндеуге қарастырылған сомаларды қолдаймыз. Өйткені тұрғындардың өмір сапасы жол сапасына да байланысты. Екі жыл бұрын жол сапасын қадағалайтын орталықпен келісімшарт орнатқан кезде жағдайды түзеп аламыз деп үміт артқан едік. Бірақ өткен сессия отырысында мен сол орталықтағылардан жолдарды кепілдік бойынша жөндеудің нақты мерзімін бекітуді сұрадым. Өйткені Тұран даңғылы мен Республика даңғылын екі жылға жетпейтін уақыт бұрын жөндеген болатын. Ал қазір сол жолдар науаланып кеткен. Аз уақыт өтсе де сапасыз күйге түскен. Менің пайымдауымша, оны кепілдік мерзімінің аясында мердігер компанияның есебінен жөндетуге болады. Сессияға дейін мерзімі туралы ақпаратты берген жоқ. Сонда да кепілдік мерзімінің аясында жөндетіп үлгеруге күш салған дұрыс. Әйтпегенде жол жөндеудің тұйықталған шеңберіне қамалатын түріміз бар. Әйтпесе екі жылдан кейін жөнделген жолдар жарамсыз күйге түсіп жатыр. Оған тағы бюджеттің қомақты ақшасын жұмсаймыз. Осылай жалғаса беретін түрі бар, - деді депутат мәслихат сессиясында.
Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов аталған екі даңғылдың мәселесін өзі қадағалауға уәде берді.
- Біз қазір сапа орталығымен жұмыс істейміз. Жол жөндеу, жол салу жобаларының бәрі кейінгі үш жылдан бері міндетті түрде сапа орталығының мақұлдауынан өткізіліп жүр. Бұдан бөлек жұмыста қолданылатын битумның сапасымен байланысты мәселе бар шығар. Кейде мердігерлердің жауапкершілігі ақсап жатқан шығар. Сіз айтқан ескертпелерді бақылауыма алып, жеке мәліметін берем, - деді ол.
Еске салсақ, Тұран даңғылының бірнеше бөлігі биыл жазда да күрделі жөндеуден өтті.