Астана әуежайы маңына жиналған судың себебі аталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана әуежайы жанындағы жол бойында су жиналды. Бұған не себеп болды және инфрақұрылымға қауіп төндіре ме – Kazinform агенттігінің тілшісі анықтап көрді.

– Жол бойында жиналған су – әдеттегі табиғи құбылыс. Биыл көктемгі жауын-шашын қар ерімеген және жердің тоңы толық жібімеген кезеңде басталды. Күн сайын жауған жаңбыр мен салқын ауа райы салдарынан жол деңгейінен төмен орналасқан учаскелерде су жиналып жатыр. Бұл Майбалық көлінен су жіберумен еш байланысты емес, – деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.
«Қазсушар» кәсіпорнының мәліметінше, Майбалық көлінен су жіберілген жоқ. Барлық су Нұра–Есіл орталық каналына ағады.
– Майбалық көліндегі су деңгейі тек жауын-шашын мен еріген қар арқылы толығады. Қазіргі уақытта көлдегі су деңгейі төмендеген. Жағдайды тәулік бойы Әуе қозғалысын іздеу-құтқару және авариялық қамтамасыз ету қызметі және әуежайдың аэродром қызметі бақылауда ұстап отыр. Ұшу-қону жолағы мен әуежай инфрақұрылымын су басу қаупі жоқ, – деп толықтырды баспасөз қызметі.
Бұған дейін елорда әуежайын дамытуға 1,1 млрд доллар инвестиция тартылатыны хабарланған еді.