Астана әуежайында биыл ұшақтар құстармен 5 рет соқтығысқан
АСТАНА. KAZINFORM — Астана халықаралық әуежайында биыл әуе кемелерінің құстармен соқтығысу жағдайы екі еседен астам азайған. Былтырғы осы кезеңде 11 жағдай тіркелсе, биыл 5 оқиға болған.
Әуежай мамандарының айтуынша, құстар көбіне таңғы 03:00–11:00 және 15:00–23:00 аралығында белсенді болады. Осы уақытта орнитологтар аэродром мен оның маңын бақылап, құстардың қозғалыс бағытын қадағалайды.
— Аэродром маңында шағала, қарға, көгершін, сауысқан және күйкентай жиі кездеседі. Әсіресе, күз мезгілінде шағалаларға ерекше назар аударылады. Олар көл мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны арасында топ-тобымен ұшады. Кейбір бағыттары ұшақтар жүретін аймақтарға жақын болғандықтан, мамандар олардың күнделікті қозғалысын тұрақты бақылауда ұстайды, — делінген хабарламада.
Құстарды аэродромнан алыстату үшін мамандар биоакустикалық қондырғылар, механикалық үркіткіштер, шу шығаратын тапаншалар, лазерлік және оптикалық құрылғыларды қолданады. Арнайы автокөлік те мобильді биоакустикалық қондырғымен жабдықталған.
Орнитологтар тек құстарды үркітіп қана қоймай, олардың қайдан келетінін, қайда ұшатынын және қозғалыс бағытының маусым мен тәулік уақытына қарай қалай өзгеретінін зерттейді. Бұл мәліметтер ықтимал қауіпті алдын ала анықтап, қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.
Мамандар үшін сәуірден қазанға дейінгі кезең ең қауырт уақыт саналады. Осы аралықта құстардың белсенділігі артып, аэродром маңында жиі байқалады.
Еске салайық, бұған дейін 2026 жылғы 24 қаңтарда FlyArystan әуекомпаниясының Алматы – Орал бағыты бойынша FS7167 рейсі ұшақ құстармен соқтығысқанын хабарлаған едік.