19:17, 26 Қыркүйек 2021 | GMT +5
Астана әуежайында кабельдің тұйықталуы болды – зардап шеккендер жоқ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әуежайында кабельдің қысқа тұйықталуынан терминалды түтін басты. Оқиғаға қатысты Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы Әнуар Шәлекенов түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Халықаралық терминалда, ұшып шығудың 8-інші гейтінде нөсерге қарсы құбырдың жылыту кабелінде тұйықталу болды. Түтін гейттен терминалға жайылды. Бұл уақытта гейтте жолаушылар болған жоқ. Тиісті қызметтер шұғыл әрекет етті. Зардап шеккендер жоқ.
Әуежай штатты режимде жұмыс жасап тұр. Рейстердің кешігуі болған жоқ», - деді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы Әнуар Шәлекенов.
Түтін басқан терминалдан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады.