«Астана Балет» театрының 2026 жылғы жоспары қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Өткен маусым «Астана Балет» театрының даму бағытын, ұлттық, халықаралық сахнадағы деңгейін айқын көрсетті. 2026 жыл да көркем идеялар мен премьераларға және түрлі гастрольдік жобаларға толы болары анық.

Сказка Снежная королева
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, классикалық мұра мен заманауи хореография арасындағы диалогты қалыптастыратын премьералық қойылымдарға ерекше көңіл бөлініп, жаңа ауқымды спектакльдер ұсынылатын болады.

Солардың бірі — Морис Равельдің музыкасына қойылған заманауи бір актілі «Bolero Х» балеті. Boléro оркестрлік вариациялары негізінде жасалған қойылым, көрерменге бидің табиғаты мен оның тарихы туралы баяндайды. Бұл қойылым ХХ ғасырдың музыкалық жауһарын ой елегінен қайта өткізіп, заманауи қойылымдар арқылы театр көрермен қауымға ерекше хореография әлемін паш етеді.

Театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри қойылымындағы «Қыз Жібек» балеті репертуардан ерекше орын алары анық. Спектакль дәстүрлі образды заманауи сахналық шешімдермен үйлестіре отырып, қазақ классикасының мазмұнын ашып, мәдени мұраға ыждағаттылықпен қарауды үлгі етеді.

Әлемдік классика жауһары — «Баядерка» балетінің ауқымды премьерасы маусымның маңызды оқиғасы болмақ. Бұл туындыға назар аудару арқылы «Астана Балет» театры академиялық дәстүрді сақтап, отандық көрерменге әлемдік балет репертуарының үздік туындыларын жоғары кәсіби деңгейде ұсынуға дайындығын растайды.

— 2026 жылғы репертуарда әлемнің классикалық балеттері, заманауи хореографиялық жобалар, ұлттық бағдарламалар мен концерттік қойылымдар бар. Театрдың симфониялық оркестрі қатысатын спектакльдер мен концерттер, сондай-ақ хор, солистер мен шақырылған дирижерлер өнер көрсететін жобалар да маңызды. Театр музыкалық бағытты тереңдетіп, оркестрді жеке көркем ұжым ретінде танытып, концерттік қызметін де жалғастырады, — делінген хабарламада.

Биыл «Астана Балет» театры гастрольдік сапарларға барып, өнер көрсетпек. Ел өңірлерін аралап, әлем сахналарда мәдени тәжірибие жинау жоспарда бар. Білім беру және әлеуметтік жобаларға, оның ішінде Академиямен ынтымақтастықты дамыту, жас хореографтар мен әртістерді қолдау, сондай-ақ халықаралық шығармашылық бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылатын болады.

Осыдан бұрын үш театрда қойылған «Щелкунчик» балеті 40 мыңнан астам көрермен жинағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар