Астана күнінде Ақтөбеде 30-дан астам нысан ашылады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Астана қаласының 20 жылдығына орай Ақтөбеде 30-дан астам нысан ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбеде әлеуметтік, өндірістік, сауда нысандары ашылады. Жобаның жалпы құны - 10 миллиард теңге. Жоспар бойынша 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде тәулігіне 50-ден 70 тоннаға дейін тәтті тағамдар шығаратын «Айс плюс» ЖШС-нің балмұздақ өндіру цехы жұмысын бастайды. «Ақтөбе» индустриалды аймағында жылына 1 200 тонна өнім алатын «ПолиВест» ЖШС-нің полиэтилен пакет өндіру зауыты іске қосылады. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент атындағы саябақта аквапарк қолданысқа беріледі. Бұл нысанды салу туралы келісім «AKTOBE INVEST-2016» халықаралық инвестициялық форумы кезінде жасалды. Сол кезде облыс әкімдігі мен «Ұлан компаниясы» ЖШС-і келісімге қол қойған болатын. Балалар жылына орай «Yurta Park» отбасылық демалыс саябағы ашылмақ. Мұнда минигольф ойнайтын алаңқай, ашық аспан астындағы кинотеатр, жасанды жартас, арқан бағы, кітапханалар, этноауыл мен байланыс зообағы, лабиринт, мұз айдыны, планетарий болады.
Айта кетейік, Астана күні Ақтөбенің аудандарында 8 спорт және ойын алаңы, Әйтеке би ауданының Аралтөбе ауылында 150 орындық стадион, Кеңқияқ ауылында дәріхана ашылып, Хромтау ауылының Дөң ауылында 600 оқушыға арналған мектеп пайдалануға беріледі.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында елді мекендерді абаттандыруға үлкен мән беріледі. Елорда күніне орай акция қатысушылары мен туған еліне бей-жай қарамайтын Ақтөбе облысының тумалары өздері туып-өскен қала мен ауылдарға Жамбыл Жабаевтың ескерткішін, бірнеше стелла, екі жаңа гүлзар бағын, жылыжай, субұрқақ және теннис кортын тарту етеді. Сонымен қатар, Қарауылкелді ауылында шамамен 500 метрлік жаяужол мен Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынды»,- деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қобда ауданының Терісаққан ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, ал Бестау ауылында медициналық пункт ашылады. Бәрі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынды. Жоспар бойынша Ақтөбе облысында Астананың 20 жылдығына орай 430 мыңға жуық адамды қамтитын 1200 қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық іс шара өтеді.
