Астана мектептерінің қауіпсіздігін ведомствоаралық топ тексеріп жатыр
Астана мектептерінің қауіпсіздігін ведомствоаралық мониторингтік топ тексеріп жатыр. Бұл туралы Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«№10 мектеп бойынша ведомствоаралық мониторингтік топ құрылды, оның құрамына әкімдік, ТЖД және ІІД қызметкерлері кірді. Барлық білім беру нысандары тексерілген, үш мектептегі спорт жабдықтарынан осындай бұзушылықтар анықталды. Бірақ, бұл бұзушылықтар оқу жылы басталғанша дереу жойылды. Жалпы, оқу жылына дайындық үдерісі әкімдіктің бақылауында. Жыл бойы біз қамқоршылық кеңестермен бірлесіп, мониторингті жалғастырамыз және мұндай фактілер анықталса, бұзушылықтарды дереу жоямыз», – деді Қ. Сенғазиев Астана коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Биыл тамыз айының басында Астана қаласының №10 мектебінің аумағында футбол қақпасы баланың үстіне құлап, салдарынан бала көз жұмған еді.
Сондай-ақ, елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен №14 мектепте оқушы баспалдақтан құлаған соң, қандай шаралар қабылданғанын айтып берді.
«Әр жағдайды бөлек қарастыру керек. №14 мектепке келсек, мұнда да кезекті жөндеу жұмысы жүргізілген. Бірақ мектеп шамамен 40 жыл бойы жұмыс істеп тұрғандықтан, таяныш пен баспалдақ арасында ешқашан қоршау торлары болмаған. Әрине, Темірланның оқиғасы мектептердегі балалардың қауіпсіздік фактілерін басқаша бағалауға көмектесті», - деді әкімнің орынбасары.
Оның айтуынша, қазір №14 мектепте торлар орнатылды. Ұқсас типтік мектептерде мониторингтік топ мұндай кемшіліктерді анықтаған жоқ, бірақ басқа да проблемалар анықталып, жойылды.
Мониторингтік топ жұмысы жалғасуда.