Астана — Милан тікелей рейсі ашылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Астанада өткен Қазақстан-Италия форумында екі ел арасындағы ынтымақтастық жобалары турлы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Вице-министр Қазақстанның географиялық орналасуы басты артықшылық болып отырғанын жеткізді. Еуропа мен Азияның ортасында орналасқан ел ретінде Қазақстан инфрақұрылымды дамытып, халықаралық бастамаларға, соның ішінде Еуропа одағының Орта дәлізді дамыту жобасына белсенді қатысып келеді.
— Менің ойымша, дәл қазір осы дәлізді таңдайтын уақыт келді. Әсіресе біздің еліміз арқылы транзит Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау үшін балама бағыт бола алады, — деді Талғат Ластаев.
Осы бастаманы дамыту үшін Талғат Ластаев ауқымды инвестициялар салу жоспарланып отырғанын айтты.
— Бұл түрлі көлік секторларына шамамен 50 миллиард доллар инвестиция салу деген сөз. Біз италиялық компанияларды олардың біліктілігі, сапасы және жоғары технологиялары үшін белсенді тартудамыз. Біз инвестиция тарту үшін тартымды жағдай, соның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы шеңберінде қолайлы инвестициялық климат жасап отырмыз. Оған қоса, арнайы экономикалық аймақтар құрып жатырмыз, − деді спикер.
Талғат Ластаев Қазақстан мен Италия арасындағы әуе қатынасының кеңейтіліп жатқанын ерекше атап өтті. Қазір Алматы-Милан тікелей рейсі орындалып жүр, ал жақын арада Астана-Милан жаңа бағыты ашылады.
— Біз елдерімізді жақындату, туристік байланысты нығайту және экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін бар күшімізді саламыз, — деді Көлік вице-министрі.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан мен Италия арасындағы екіжақты тауар айналымы 20 млрд долларға жуықтағанын айтқан еді.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Италия арасында 180 миллион еуроға меморандумдар бекітілді.