Astana Open: Тимофей Скатов тәжірибелі теннисшіні жеңіп, екінші айналымға шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 280-ракеткасы, 20 жастағы Тимофей Скатов Astana Open ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Жуырда Қазақстанның абсолютті чемпионы атанып, осы жарысқа шақырту алған Т.Скатов алғашқы айналымда әлемнің 87-ракеткасы, 37 жастағы италиялық Андреас Сеппимен шеберлік байқасты.

Бір қызығы, А.Сеппи 2002 жылы кәсіпқой спорттағы жолын бастаған кезде Т.Скатов 1 жаста еді.

Тәжірибелі теннисші бірінші партияда 3:0 есебімен алға кеткенімен, Тимофей қарымта қайтарып, таразы басын теңестірді. Тай-брейкте қазақстандық спортшы сәтті ойнады – 7:6 (7:3).

Екінші сетте Скатов 3:0 есебімен алға шыққанымен, Сеппи алысқа ұзатпай, қатарынан бес гейм алды – 5:3. Ақыры ол өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші 5:0 есебімен алға кетті. Содан кейін матчқа доп бергенде, қателеспеді – 6:1.

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 56 минутқа созылды.

Матч барысында Т.Скатов 2 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. Қарсыласы 6 эйс, 3 брейкке (10 брейк-пойнт) қол жеткізді.

Т.Скатов екінші айналымда әлемнің 52-ракеткасы, Беларусь өкілі Илья Ивашка немесе рейтингте 169-сатыдағы швециялық Элиас Имердің біреуімен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев іріктеу сайыстарының финалында аустралиялық Марк Полмансқа 4:6, 2:6 есебімен есе жіберіп, негізгі жарысқа шыға алмай қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Astana Open ATP 250 турнирінде қазақстандықтардың қарсыластары анықталғанын, Дмитрий Попконың іріктеу сайыстарының финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Д.Попко негізгі турнирге жолдама алды.

Д.Попко алғашқы айналымда Astana Open додасының өткен жылғы жеңімпазы, әлемнің 48-ракеткасы, аустралиялық Джон Миллманмен кездеседі.






Соңғы жаңалықтар