«Астана» шабандозы Макс Кантер Гонконгтағы біркүндік жарыста екінші орын алды
АСТАНА. KAZINFORM — Sun Hung Kai Properties Hong Kong Cyclothon біркүндік веложарысында XDS Astana Team командасының шабандозы Макс Кантер мәреге екінші болып жетті.
Ұзындығы 99,2 шақырым болатын жарыс Гонконг көшелерінде өтіп, жаппай спринтпен аяқталды. Жарыста Soudal Quick-Step командасының франциялық шабандозы Поль Маньe жеңіске жетті.
Макс Кантер екінші орын иеленсе, үздік үштікті Pinarello-Q36.5 Pro Cycling Team командасының италиялық шабандозы Маттео Москетти түйіндеді.
Кантердің айтуынша, жүлделі орын маусымның соңғы жарыс аптасын жақсы бастауға мүмкіндік берді.
— Гонконгқа алғаш рет келіп отырмын. Бұл жарыс ұнады. Командамыз жарыс барысын жақсы бақылап, нәтижелі жұмыс істеді деп ойлаймын. Әсіресе, қашықтықтың соңғы бөлігінде шабандоздар көп шабуыл жасағанын ескерсек, бұл оңай болған жоқ. Ақырында бәрі спринтке ұласты. Бүгінгі нәтижем екінші орын алуға жеткілікті болды, — деп келтірді Макс Кантердің сөзін велоклубтың баспасөз қызметі.
Шабандоз шешуші сәтте қолайлы орынға жайғасқанымен, Поль Маньенің соңынан ілесу үшін позиция таласында көп күш жұмсағанын айтты.
— Мүмкін, мәреге дейінгі соңғы бірнеше жүз метрде Поль Маньенің артындағы позиция үшін күресіп, қарсы желге тым көп күш жұмсаған шығармын. Бұл соңғы екпініме аздап әсер еткен болуы мүмкін. Соған қарамастан, жүлделі орын — тәп-тәуір нәтиже, — деді ол.
XDS Astana Team командасы келесі жарысын «Тур Гуанси» көпкүндігінде өткізеді. Жарыс бағдарламасында бірнеше жазық кезең бар.
Айта кетейік, бұған дейін Жапонияда «Тур Кюсю» көпкүндік веложарысы да басталған еді. Оның алғашқы кезеңінде XDS Astana Team командасының шабандозы Маттео Малучелли жеңіске жеткен еді.