«Астана су арнасының» басшысы қанша жалақы алады
«Астана су арнасы» МКК бас директоры Табиғат Зейнулқабден су тарифін көтеру туралы жария тыңдауда өзі мен ұжымның қанша жалақы алатынын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Оның айтуынша, «Астана су арнасы» бас директоры ретінде өзі 725 мың теңге айлық алады, инженерлік-техникалық қызметкер жалақысы 400 мың теңгеден асады, тазалаушылар еңбекақысы — 180 мың теңге.
Жалпы «Астана су арнасы» ұжымының орташа жалақысы — 308 мың теңге.
«Екі тәуліктен жұмыс істейтін машинистер шамамен 200 мың теңге алады. Слесарьлар — шамамен 220-230 мың теңге, кейде жұмыс көлемі көбейсе, көбірек жалақы алады. Қазіргі уақытта менің жалақым 725 мың теңгені құрайды», — деді Табиғат Зейнулқабден.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елордадағы су тарифін көтеру ұсынылды. Астанада жыл сайын пәтер саны көбейіп келеді.
Қазіргі уақытта 470 мың абонент болса, жақын аралықта бұл көрсеткіш 500 мыңға жетеді.
Жария тыңдау қорытындысы бойынша айтылған ескертулер мен ұсыныстар ескеріліп, өтінімдер мұқият талданған соң қалалық табиғи монополияларды реттеу департаменті түпкілікті шешім қабылдайды.