«Астана тұрақ кеңістігі» жаңа инвесторға беріле ме — әкімнің жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Астана әкімі елордадағы ақылы тұрақтар жаңа инвесторға берілуі мүмкін деген мәліметтерді теріске шығарды.

«Астана тұрақ кеңістігі» жаңа инвесторға беріле ме — әкімнің жауабы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Мұндай сұрақ Сарайшық ауданы тұрғындарымен қала әкімінің кездесуінде қойылды.

— Кеше Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Астана тұрақ кеңістігі» мекемесін жекешелендіру туралы кеңес бергені туралы ақпарат тарады. Бұған дейін сіз керісінше ол мекеме коммуналдық меншікке берілетінін хабарлаған едіңіз. Сол шешім өзгерді ме, — деп сұрады журналист.

Әкім ақылы тұрақтарды жаңа инвесторға беру мәселесі күн тәртібінде жоқ екенін мәлім етті.

— Мен осыдан 2-3 ай бұрын алдын ала хабарлаған едім. «Астана тұрақ кеңістігі» мекемесін коммуналдық меншікке өткізетінімізді айтқанмын. Бұл мәселемен Көлік басқармасы тікелей айналысады. Қазіргі таңда инвестормен келісімшартты тоқтату бағытында жұмыс жүріп жатыр. Мекеме коммуналдық меншікке беріледі, — деді Жеңіс Қасымбек.

Бұған дейін мекеменің мүлкін түгендеу жұмыстары жүріп жатқаны мәлім болған еді.

Соңғы жаңалықтар