Астана тұрғыны LRT бағанына асылып қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Таңертең елордада салынып жатқан LRT құрылысы алаңында ер адамның асылып қалған мүрдесі табылды. Бұл ақпаратты қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
«102 желісіне Жұмекен Нәжімеденов көшесіндегі құрылыс объектісінде ер адамның асылып қалғаны туралы хабар түсті. Полиция қызметкерлері 38 жастағы азаматтың жеке басын анықтады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Істің мән-жайы анықталуда», — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, қыркүйек басталғалы еліміздің бірнеше өңірінде суицид жағдайы тіркелді. Атап айтсақ, 10 қыркүйекте Ақмола облысында өрт сөндіруші суицид жасады.
16 қыркүйекте Алматыда көпқабатты үйден құлаған екі жасөспірім көз жұмды.
Одан бөлек, 22 қыркүйек күні Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара академиясының курсанты көз жұмды.
Белгілі болғандай, түнгі уақытта 19 жастағы жігіт Алматыдағы Достық даңғылындағы көпқабатты үйден секіріп кеткен. Бұл факті бойынша Медеу аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады.
Тағы бір қайғылы жағдай 23 қыркүйекте Алматы қаласында болды. Жас жігіт көпқабатты үйден секіріп кеткен.