Астанада 16 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы екпе алды
6 қарашадан бері Астанада қызылшаға қарсы жаппай иммундау жүріп жатыр. Бұл туралы Астана қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.

Жаппай иммундаумен 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балалар және 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балалар және медицина қызметкерлері қамтылады.
«Вакцинаны тіркелген жері бойынша емханаларда тегін алуға болады. Бүгінгі күнге дейін 16 447 вакцина егілді. Жаппай вакциналау қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Біздің бүгінгі басты міндетіміз – қызылшадан болатын өлім мен асқынулардың алдын алу», - деді С. Бейсенова Астана коммуникациялар орталығында өткен брифингте.
Вакциналау инфекция ошақтарында да жүргізіледі, осылайша науқастармен байланыста болған 1733 адам вакцина алды.
Сондай-ақ қызылшаға қарсы егілмеген 18 жасқа дейінгі адамдар анықталды, жыл басынан бері 14 374 адам анықталса, оның 88% – 12 746 адам вакцина қабылдады.
«Аурудың алғашқы белгілері байқалса, дереу дәрігерге жүгінуге кеңес беремін. Қызылшаның белгілері: температураның 38-40°C дейін жоғарылауы, бас ауруы, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, конъюнктивит, ринит, жарыққа қарай алмау, құрғақ, үсті жөтел, дауыстың қарлығуы, қызылша энантемасы, денедегі бөртпелер», - деді С. Бейсенова.
Айта кетейік, Астанада қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз.