Астанада 60 мемлекеттік балабақша салынады
Елорда балабақшаларында мектеп жасына дейінгі балалардың кезегі 60 мыңнан асты, оның ішінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың кезек саны 42 мыңға жеткен. Бұл туралы елорданың білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша әкім орынбасары Есет Байкен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл ретте әкімдік те бірқатар шара қарастырды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы 4 есеге ұлғайтылды. Жеке инвестициялар есебінен 17 балабақша салынып жатыр. 2017 жылдан бастап мемлекеттік балабақшалардың құрылысы тоқтатылды, бірақ әкімдік бала туу және көші-қон процестерінен мектеп жасына дейінгі балалардың жыл сайынғы өсуін ескеріп, қаланың Бюджеттік-инвестициялық жобалары аясында 60 мемлекеттік балабақша салу туралы шешім қабылдады», - деді Есет Байкен Астана коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 8 мың балаға балабақшаларда тегін тамақтану ұйымдастырылған.
Сонымен бірге, елордада 11 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Биыл 158 мың бала немесе 79,9% қосымша білім берумен қамтылған және өткен жылмен салыстырғанда 7% өсім бар (мектептерде 2188 үйірме мен секция жұмыс істейді).
Бұған дейін спикер Астана мектептерінде 28 мың орын жетіспеушілігі бар екенін, биыл Астанада 16 мың оқушы сыятын 11 мектеп салынатынын айтқан еді.