Астанада ағаштардың цифрлық төлқұжаты болады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада «Green ID» жобасы қолға алынып, жасыл желектерді цифрлық паспорттау жұмысы жүргізіліп жатыр. Осылайша, саябақтардағы әрбір ағаш туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға болады. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасында айтылды.

Биылдан бастап әрбір ағашқа өзі туралы толыққанды ақпарат жүктелген QR-код ілінеді. Осылайша тұрғындар QR-код арқылы ағаштың қашан егілгені, тіпті қашан суарылғаны жөнінде ақпарат алып отырады.

− Біз 50-ге жуық ағашты цифрландырып үлгердік. Алдағы уақытта ылғалдық датчиктерін орнатуды жоспарлап отырмыз. Сол арқылы топырақтағы макро және микроэлементтер тапшылығын уақытылы көре аламыз. Осылайша ағаштардың жағдайын бақылауда ұстаймыз, − дейді «Астанагенплан» ҒЗЖИ ЖШС ландшафтық дизайн және сәулет орталығының басшысы Гүлнұр Имамбекова.

Мұндай іс-шара әзірге «Жастар» саябағында және «Ғашықтар» саябағында жүзеге асып жатыр.
Еске сала кетсек, былтыр көпшіліктің көңілінен шыққан «Таза қала» тележобасы екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға баса назар аударып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ. Сондай-ақ еліміздің үш мегаполисі — Астана, Алматы мен Шымкент назарға ілігеді.
Тележоба аптасына 2 рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30-да көрермен назарына ұсынылмақ.
Бұған дейін Астананың қай аудандарында жаңа саябақтар ашылатынын хабарлаған едік.