Астанада Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана қаласының Ипподром алаңында Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке басталды. Жәрмеңке ертең, 14 қыркүйекке дейін созылады.

Астанада Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Ақтөбе облыстық әкімдігі

Іс-шараға облыстың 12 ауданы және Ақтөбе қаласынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеуші кәсіпорындар қатысып отыр.

Жәрмеңкенің ашылуына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев арнайы барып, танысты.

Келушілерге концерттік бағдарлама ұсынылды.

Астанада Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Ақтөбе облыстық әкімдігі

Жәрмеңкеде елордалықтар мен қала қонақтарына 73,2 тонна ет, 39 тонна картоп пен көкөніс, 8,9 тонна сүт өнімдері, 24 мың дана жұмыртқа, 3,5 тонна балық, 7,1 тонна шұжық өнімдері, 11 тонна ұн және ұн өнімдері, 5 тонна алкогольсіз сусындар, 2,4 тонна кондитерлік өнім және 25,5 тонна өзге де тауарлар ұсынылуда. Жалпы көлемі 213,3 тонна өнім жеткізілген.

Бағалар Астана базарларындағы құннан 15-20 пайызға төмен.

Астанада Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Ақтөбе облыстық әкімдігі

— Бүгінгі жәрмеңкеге біз Ақтөбе облысының Қарғалы ауданынан келіп отырмыз. Негізінен ет өнімдерін — жылқы еті, сиыр еті, қой етін әкелдік. Бұдан бөлек, картоп, көкөніс және жергілікті кәсіпкерлердің шұжық өнімдері ұсынылды. Биылғы шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Елордалық жәрмеңке дәстүрге айналып келеді. Біз былтырғы жылы да қатыстық, биыл да келдік, алдағы жылдары да келетін боламыз. Астаналық тұрғындар мен келушілердің қарасы көп. Сатушылар да көңілді, ризашылықтарын білдіруде. Негізінен біздің өнімдеріміз жергілікті тауар өндірушілердің бағасынан 15–20 пайызға төмен бағада сатылуда, — деді Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Бадаков.

Астанада Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Ақтөбе облыстық әкімдігі

Сонымен қатар өңдеу кәсіпорындары да өз өнімдерін әкелді. Олардың қатарында «Айс+» ЖШС мен «Агрофирма Тау» ЖШС-ның сүт өнімдері, «Шыңғыс», «Абылай», «Шекшек Ата» қожалықтарының қымыз, шұбат, ешкі сүті, «Жаңа-Әлжан диірмен комбинаты» ЖШС мен «Рамазан» ЖШС-ның ұн және макарон өнімдері, «СПК Айбек», «Степное», «Рокос» ЖШС-ның ет консервілері мен шұжық өнімдері, сондай-ақ жылыжай өнімдері мен алкогольсіз сусындар бар.

Астанада Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Ақтөбе облыстық әкімдігі

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өңделген өнімдер де саудаға шығарылуда.

Жәрмеңкеде өнімдерді тиімді бағамен сатып алған елордалықтар өз ризашылықтарын білдірді.

Соңғы жаңалықтар