Астанада алғашқы автономды суперкомпьютер таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM — EXPO аумағында жасанды интеллектпен жұмыс істеуге арналған Қазақстандағы алғашқы автономды суперкомпьютер таныстырылды. Мамандар оны Орталық Азиядағы жасанды интеллекті және үлкен деректерді талдауға арналған бірегей жоба деп бағалап отыр.

Бұл жүйе мемлекеттік органдар мен ірі компанияларға интернетке қосылмай-ақ жасанды интеллекті пайдалануға мүмкіндік береді және деректердің таралу қаупін жояды.

— Бұл бағдарламалар кешені әр адамға жеке беріледі. Негізінен министрліктер мен ірі компанияларға арнап жасадық. Өйткені ол органдарда ақпараттық қауіпсіздік мәселесі өте өзекті. Біз қателеспесем, әлемде алғашқылардың бірі болып, осындай боксты жарнамалап қоймай, өндіріске шығарып жатырмыз, — деді Neuro box компаниясының негізін қалаушы Александр Пан.
MindIA платформасы — суперкомпьютердің негізгі элементі. Ол әртүрлі нейрондық желілерді бірыңғай кеңістікке біріктіріп, пайдаланушыларға цифрлық агенттердің тұтас командаларын құруға мүмкіндік береді. Жеке-жеке жұмыс істейтін чат боттар бір арнаға біріктірілген. Барлық тілде тапсырмаларды орындай алады.

— Бұл жоба адамды алмастыруды емес, оның жұмыс тиімділігін арттыруды мақсат етеді. Бір агент деректерді талдайды. Екіншісі мәтін жазады, үшіншісі жоспарлайды. Тәжірибе барысында жүйе жобалық құжаттаманың нормативтерге сәйкестігін тексеру, мемлекеттік сатып алуларға арналған спецификацияларды талдау, медицинадағы клиникалық хаттамаларды салыстыру секілді жұмысты орындай алатынын көрсетті, — Neuro box компаниясының өкілі Төлеген Омарбеков.

Оның айтуынша, «NeuroBox» жабық жүйесі барлық мәліметтің жүйе ішінде сақталуын қамтамасыз етеді. Мұндай модель ақпаратты қорғаудың жоғары деңгейі қажет ұйымдар үшін өте өзекті.

Мысал ретінде әзірлеушілер өткен жылдың соңында суперкомпьютер Өнеркәсіп министрлігінің кәсіби стандарттар әзірлеу жобасында қолданылғанын айтты. Бұрын бұл жұмыс екі аптаға созылса, жүйе нәтижені небәрі 4,5 минутта шығарған.

Айта кетейік, шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығына барып, NVIDIA H200 графикалық процессорлары базасында жасақталған суперкомпьютерді іске қосты.
Қазақстандағы IT-компаниялардың саны 18 мыңнан асты, соңғы үш жылдағы өсім 16 пайызды құрады. 1700-ден астам қатысушыны біріктіретін Astana Hub халықаралық технопаркі саланың маңызды драйверіне айналды. Резиденттердің жиынтық түсімі 1,2 трлн теңгеге жетіп, экспорттық табыс 140 млрд теңгеден асты.