Астанада әскери ұшақтар ұшып, бірнеше көшеде көлік қозғалысы шектеледі
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада халықаралық іс-шараларға байланысты 10-14 қазан аралығында көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі. Бұл туралы Мемлекеттік күзет қызметі мәлімдеді.
— Астанада бірқатар халықаралық саяси іс-шараны дайындау және өткізу аясында 10-14 қазан аралығында қала көшелерінің жекелеген учаскелерінде көлік құралдарының қозғалысына уақытша шектеулер қойылады, — делінген Мемлекеттік күзет қызметінің хабарламасында.
Бұл іс-шаралар барысында арнайы мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ресурстары пайдаланылатыны айтылды.
Сонымен қатар 9 қазаннан бастап Астана аспанында әскери ұшақтар жаттығу мақсатында ұшады.
— Халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шара кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өткізілетін шараларға Астана тұрғындары мен қонақтарынан түсіністікпен қарауды сұраймыз, — деп хабарлады Мемлекеттік күзет қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Астанада 7 қазаннан бастап екі көшеде қозғалыс шектелетінін жазғанбыз.