Астанада автобус жүргізушілері табысын арттыру үшін қосымша жұмысқа келіседі — Еңбек инспекциясы

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының еңбек инспекциясы елордада болған автобус апаты бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Әбілхатин айтты. 

Астанада автобус жүргізушілері табысын арттыру үшін қосымша жұмысқа келіседі — Еңбек инспекциясы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Спикердің айтуынша, қоғамдық көлікте адам тасу — қауіпті еңбек жағдайындағы жұмыс болып саналады және жүргізушілердің тапшылығы мәселесі де бар.

— Барлық автобус паркі Астана қаласының еңбек инспекциясының мониторингінде тұр. Соңғы жылдары автобус паркінде жалақы беру бойынша еңбек дауы және жұмыс істеу уақыты бойынша шағымдар болған. Әрбір шағым бойынша еңбек инспекциясы тексеру жүргізеді, соңғы жол апаты бойынша да тексеру жүріп жатыр. Әрине осыны болдырмау үшін ауысымды жұмыс режимі енгізілген (8 сағаттық). Бірақ, дей тұрғанмен, жүргізушілер қосымша табыс табу үшін немесе өз табысын арттыру үшін сондай режимде қосымша жұмыс істеуге өздері келіседі. Ондай да оқиғалар бар, − деді Ерболат Әбілхатин Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2 маусымда Астанада автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі бағанға соғылды.

Жедел медициналық жәрдем бригадалары қала стационарларына барлығы 15 адамды жеткізді. Олардың үшеуі ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде зардап шеккен 8 жасар қыздың аяғына ампутация жасалды.

Соңғы жаңалықтар