Астанада бес мемлекеттің робот құрастырушы балалары бас қосты

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада робототехникадан Орталық Азиядағы ең ауқымды дода – Central Asia FIRST Championship чемпионаты басталды. Алдағы үш күнде бес мемлекеттен келген 3 мыңнан астам мектеп оқушысы өзара бәсекеге түседі.

робототехника
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Жарысты ұйымдастырған «USTEM Foundation» қоғамдық қорының жетекшісі Асылбек Мырзахметовтың айтуынша, биылғы байқауға Өзбекстан, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірліктері және Гонконг ойыншылары бас қосты. Ең озық шыққан 4 команда сәуір айының соңында АҚШ-тағы Хьюстон қаласында өтетін бүкіләлемдік байқауға барады.

робототехника
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Конкурс әлемдік FIRST бағдарламасы аясында үш жас категориясы бойынша өтеді: FLL Explore (6-10 жас), FLL Challenge (10-16 жас) және FIRST Tech Challenge (12-18 жас). Үш санатта 200-ге жуық команда робототехника саласында өз жетістікерімен бөліскелі отыр.

«FIRST чемпионаттары жыл сайын түрлі тақырыптар бойынша өткізіледі. Биылғы маусым тақырыбы креативті индустрия, шоу және өнер туралы болмақ. Командалар өздерінің инженерлік қабілеттерін қолданып, осы индустриядағы компаниялардың және адамдардың проблемаларын шешуі керек. Мысалы кей командалар кино түсіретін операторларға, сурет салатын адамдарға арнайы көмекші құрылғылар жасайды. Бір команда домбыраға арналған тренажер жасады. Яғни балаларды тек қана робототехника мен бағдарлама емес, жан жақты тұлға ретінде дамыту көзделген», - деді А. Мырзахметов елордалық Оқушылар сарайында тілшілерге берген сұхбатында.

робототехника
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан бұл жарыстарға 2017 жылдан бері қатысып келеді және екі рет әлемдік абсолютті чемпион атанған.

«Чемпионатқа 2017 жылы АҚШ-та алғаш рет қатысып, 8-орын алған едік. Кейін 2019 жылы Біріккен Араб әмірліктеріне барып, 190 елдің арасында қола жүлде алдық. Пандемиядан кейін 2022 жылы Женевада өткен жарыста 180 ел арасында ешбір жеңіліссіз Әлем чемпионы атандық. Былтырғы қазан айында Қазақстан Сингапурда 191 ел арасында тағы да жеңіліссіз абсолютті чемпион атанды. Басқа елдермен салыстырғанда біздің елде робототехника өте қарқынды дамып келеді. Қазір ел мектептерінде 3 мыңнан астам робототехника ұйымдары ашылған», - деді спикер.

Бүгінгі Орталық Азия чемпионатына Қазақстаннан 500-ден астам бала қатысып жатыр. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен және ауылдардан іріктелген.

робототехника
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар, АҚШ, Австралия, Сингапурдағы халықаралық олимпиадаларға қатысуға лицензиялар, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарына гранттар, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.

Чемпионатты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «USTEM Foundation» және Астана қаласының Білім басқармасы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бірлесіп өткізуде.

Соңғы жаңалықтар