Астанада «Білім және ғылым-2015» 13-ші қазақстандық халықаралық көрме басталды (ФОТО)

27 қарашаға дейін созылатын шараға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Германия, Испания, Қытай, Польша, Чехия, Түркия, Өзбекстан елдерінің жетекші білім беру ұйымдары мен мекемелері қатысуда.
Көрменің ашылу рәсімінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Статистика басқармасының бастығы Мұхтар Төлеген сөз сөйледі. Сонымен қатар ол еліміздің Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің құттықтау сөзін оқып берді. «Жыл сайын бұл көрмені өткізу біздің елордамыздың қоғамдық өміріндегі жақсы дәстүрге және маңызды оқиғаға айналып отыр. Білім және ғылым көрмесі қазіргі заманауи білімнің даму деңгейін паш ететін өзекті және білім беру үрдісіндегі ақпарат алмасудың бірегей мүмкіншілігін көрсететін, жаңа іскерлік байланыстарды орнататын алаңға айналды», - делінген министрдің құттықтауында.
Айта кетерлігі, он жылдан астам уақыттан бері өткіліп келе жатқан көрме білім берудің барлық деңгейін, заманауи оқыту технологияларын, оқу жабдықтары мен бағдарламаларын ұсынады. Биылғы жылы көрме аясында жоғары оқу орындары таныстырылымынан бөлек шара қатысушыларына арналған семинар да өткізілмек.