Астанада бiлiм және ғылым саласындағы үздiк қызметкерлерге мемлекеттiк наградалар табыс етiлдi
Аталған наградаларды Елбасы атынан ҚР Бiлiм және ғылым министрi Аслан Сәрiнжiпов табыстады.
"Бiз Сiздермен елiмiздiң ұлы мерекесi - Тәуелсiздiк күнiнiң қарсаңында кездесiп отырмыз. Тәуелсiздiк күнi - елiмiздiң әр азаматы үшiн ең басты мемлекеттiк мейрам. Бұл азаттық аңсаған елдiң мақсаты орындалып, Қазақстан Республикасы егемен ел атанған күн. Биыл бiз Тәуелсiздiктi 23-інші рет тойлап отырмыз. Осы жылдар iшiнде елiмiзде ауқымды өзгерiстер болды. Тәуелсiздiктiң алғашқы күнiнен бастап, бiлiм және ғылым саласын дамыту мемлекет саясатының өзгермес басымдығына айналды. Сонымен қатар бiлiм мен ғылым саласы елімiздiң саяси, әлеуметтiк және экономикалық дамуының басты бағыты ретiнде қарастырылды. Марапатқа ие болған барша әрiптестерiме наградаларыңыз құтты болсын дегiм келедi. Әрқашан осындай биiктерден көрiнiп, жетiстiктерге жете берiңiздер!", - дедi министр ҚР ұлттық өнер университетiнде өткен салтанатты жиында.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Тәуелсіздік күні қарсаңында ҚР Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін азаматтардың үлкен бір тобы мемлекеттік наградалармен марапатталған болатын. Марапатталғандардың қатарында Қазақ спорт және туризм академиясының президентi Қайрат Сәбильянов, Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Қуандық Лекер, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң профессоры Михаил Наурызбай, Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркiт Аяған, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай университетiнiң ректоры Асқар Наметов сынды елге елеулi есiмдер бар.