Астанада экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысы басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Еске салайық, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі болған Сәкен Мамашқа әйелін жылдар бойы ұрып келді деген айып тағылып, іс сотқа жетті. 

Астанада экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысы басталды
Фото: t.me/yyedilov

Істі Астана қалалық ауданаралық қылмыстық істер соты қарап жатыр. Айта кетейік, жәбір көруші Карина Мамаш және айыпталушы Сәкен Мамаш сот процесін видео, фотоға түсіруге қарсы болды. Сондай-ақ жәбір көруші тарап сот отырысының жабық режимде, яғни БАҚ-тың қатысуынсыз өткенін талап етсе, айыпталушы тарап ашық режимде өткенін талап етті.

Қазір судья Артур Абдыханов аталған мәселені шешу мақсатында сот залынан шығып кетті.

Айта кетейік, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің кеңесшісі болған Сәкен Мамаш биыл 4 сәуірде қамауға алынды. 

Еске сала кетсек, былтыр мамырда Қазақстанның БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Сәкен Мамаш әйеліне үнемі күш көрсеткені, тіпті жұбайының әпкесіне де қол көтергені туралы хабарлаған едік. 

Артынша әйелін ұрды деп айыпталған қазақстандық дипломатқа қылмыстық іс қозғалды. 

Сондай-ақ елші кеңесшісінің әйелі Карина Мамаш дағдарыс орталығына орналастырылды. 

Кейін әйелін ұрған экс-дипломатқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. 

Биыл 21 мамырда әйелін үнемі ұрып келген экс-дипломат Сәкен Мамаштың ісі сотқа жіберілді. 

Соңғы жаңалықтар