Астанада ересектер арасында қызылша жұқтыру жағдайы жиіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада ересектер арасында қызылша жұқтыру жағдайы 49-дан 71 адамға дейін көбейді. Бұл туралы Астана қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова айтып берді.

Маманның айтуынша, Астанада қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз деп бағалануда. Осы аптада тәулігіне 48-ге жуық жағдай тіркелді.
«Қаңтар айының басынан бері елордада қызылшаның 1 029 бастапқы және 321 расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 227 жұқтыру жағдайы бар. Науқастардың 68%-дан астамы – бұрын қызылшаға қарсы екпе алмағандар, бұл инфекцияның елордада таралуына әкелді», - деді С. Бейсенова Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Соңғы аптада қызылша ауруының көрсеткіші алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,1 есеге өсті. Өткен жаңа жылдық мереке кезінде әлеуметтік қарым-қатынастың артуына байланысты ересектер арасында қызылша жұқтырудың 49-дан 71 жағдайға дейін өсуі байқалады.
«Ал 1 жасқа дейінгі және 3 жастағы балалар арасындағы сырқаттану керісінше желтоқсан айымен салыстырғанда төмендеген. Мәселен, 1 жасқа дейінгі науқас балалардың үлес салмағы 14%-дан 8%-ға дейін және 3 жастағы балалар үлесі – 22%-дан 16%-ға дейін төмендеді. Оған қосымша жаппай иммундау көмектесті. Яғни, вакциналау тиімділігін жоққа шығару мүмкін емес», - дейді спикер.