Астанада қай жерлерде және қашан мұзды суға түсу рәсімі өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада 18-19 қаңтар күндері барлық православие шіркеуінде Крещение мерекесі рәсімі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астанада қай жерлерде және қашан мұзды суға түсу рәсімі өтеді
Фото: Астана әкімдігі

Астанада дәстүрлі шомылу рәсімі қалалық жағажай маңында болады. Бұл мақсатта арнайы 4 ойық дайындалған.

18-19 қаңтар күндері қалада мерекелік діни шаралар, крестпен шеру және жаппай шомылу ұйымдастырылады.

Іс-шаралар қаладағы барлық православие шіркеуінде өтеді: Успен соборында (Күйші Дина көшесі, 27), Константин-Еленин шіркеуінде (Республика даңғылы, 12), Саров Серафим шіркеуінде (Бөгенбай батыр даңғылы, 8).

Суға түсу орындары 18 қаңтар күні сағат 20:00-ден 19 қаңтар күні сағат 02:00-ге дейін ашық болады. Бұл уақытта су маңына жарық орнатылады. 

Жаппай шомылу 19 қаңтар күні таңғы сағат 08:00-ден кешкі 23:00-ге дейін жалғасады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің судан құтқару қызметі және Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері жұмыс істейді. Сонымен қатар суға түсу орындарында жедел жәрдем бригадалары кезекшілік етеді.

Қала тұрғындары мен қонақтары суға түсу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауы және ауа райы жағдайын ескеруі шарт. 

Белгіленген шомылу орындарында келесі талаптарды орындау қажет: ойық маңында бір уақытта 3 адамнан артық болмауы тиіс; суға тек құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің бақылауымен кіруге рұқсат етіледі. Суға түсер алдында денені қыздыру жаттығуларын жасау, рәсімнен кейін сүлгімен сүртініп, жылы киім киіп, ыстық шай ішу ұсынылады. Егер суға түскен кезде денсаулығыңыз нашарласа, дереу кезекші дәрігерге хабарласу қажет.

Құтқарушылар келесі ескертулерді қаперге салады:

– Жабдықталмаған жерлерде құтқарушылар мен дәрігерлердің қатысуынсыз суға түсуге тыйым салынады.

– Балаларды қараусыз қалдыруға болмайды. Баланың жүзе алуы суық су мен стрестік жағдайдың кері әсерінен қорғай алмайды.

– Мұзды суға секіріп түсу қауіпті, жарақат алу мүмкіндігі жоғары.

– Ішімдік ішкен күйде суға түсуге болмайды, себебі бұл түрлі қауіпті жағдайларға әкелуі ықтимал.

Еске салсақ, бұған дейін Қарағандыда мұзды суға шомылу кезінде 21 арнайы шомылу орны ТЖД бақылауында болатынын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар