Астанада Қазақстан мен Моңғолияның 100-ге жуық кәсіпкері бас қосты
АСТАНА. KAZINFORM — Екінші рет өтіп жатқан іскерлік кеңесте қос елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын арттыру жолдары талқыланды. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының жаңалықтар қызметінде айтылды.

Соңғы жылдары өзара тауар айналымында тұрақты өсім бар. Былтыр 123 миллион долларға сауда -саттық жасасқан. Биылғы жеті айда-ақ бұл көрсеткіш 74 миллион долларға жеткен. Моңғолия бізден астық, ұн, майлы дақылдар мен машина құрылғыларын алса, біз олардан ет, кашемир және жеңіл өнеркәсіп тауарларын импорттаймыз.
Жауаптылардың сөзінше, металлургия, агроөнеркәсіп, туризм мен логистика салаларында жаңа мүмкіндіктер мол.
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасымен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат танытып, оның елімізге Парламент Төрағасы ретіндегі алғашқы сапары екіжақты байланысты нығайтуға тың серпін беретінін атап өтті.