Астанада кепілдік мерзімі өткен үйлер бойынша шағымдар көбейді
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін де ғимараттардың техникалық жағдайына қатысты жауапкершілікті құрылыс компанияларына жүктеуге тырысып жатыр.
Бұл туралы қала мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысында Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ғани Тәжиев мәлімдеді.
– Кепілдік мерзімі кемінде екі жыл өткеннен кейін тұрғын үйлердің техникалық жағдайы мен пайдалануға байланысты мәселелер басқарма құзыретіне кірмейді. Азаматтық кодекстің 189-бабына сәйкес, егер заңнамада көзделмесе, меншік иесі өз мүлкін күтіп-ұстау жөніндегі барлық шығынды өзі көтеруге міндетті. Сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 32-бабында пәтер және тұрғын емес үй-жайлардың иелері ортақ мүлікті күтіп-ұстауға және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге, соның ішінде кепілдік мерзімі аяқталған соң ағымдағы және күрделі жөндеуді ұйымдастыруға міндетті екені көрсетілген, – деді басқарма бастығы.
Оның айтуынша, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына келіп түсіп жатқан өтініштерді талдау нәтижесі тұрғындардың ортақ мүлікті күтіп-ұстау жөніндегі өз міндеттерін орындаудан жалтарып, жауапкершілікті құрылыс компанияларына жүктеуге тырысатынын көрсетіп отыр.
– Кей жағдайларда тұрғындар әлеуметтік желілер мен блогерлер арқылы қоғамдық қысым көрсету тәсілін қолданып жатыр. Бұл өз кезегінде әлеуметтік шиеленіс туғызып, бақылаушы және қадағалаушы органдардың қызметіне қатысты теріс қоғамдық пікір қалыптастырады, – деді ол.
Басқарма басшысының дерегінше, биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша Астанада 3 364 көппәтерлі тұрғын үй кешені тіркелген. Аталған басқармаға күн сайын құрылыс сапасына және тұрғын үй кешендерінің жай-күйіне қатысты 150-ден астам өтініш түседі. Былтыр кепілдік мерзімі аяқталған тұрғын үйлер бойынша жеке және заңды тұлғалардан 7 500-ден астам өтініш қабылданған.
Ғани Тәжиев мәслихат депутаттарына тұрғын үй және тұрғын инспекциясы басқармасына кондоминиум нысандарының иелері мен МИБ төрағалары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ тұрғын үй қоры объектілерін пайдалану мен күтіп-ұстау талаптарының сақталуын тексеру шараларын ұйымдастыруды ұсынды.
Бұған дейін Қазақстанда құрылысы проблемаға айналған неше тұрғын үй кешені бар екенін жазғанбыз.