Астанада қоқыс жағатын зауыт салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын жүзеге асыру жалғасып жатыр. Жыл бойы 328 заңсыз қоқыс үйінділері жойылып, 120 мың тоннадан астам қалдықтар шығарылды. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек есептік кездесуінде айтты.
Әкімнің айтуынша, қалада қалдықтарды шығарудың цифрлық мониторинг жүйесі енгізілді. Бұл қызмет көрсетуді бақылауды қамтамасыз етті және тұрғындардың шағымдарын 99 пайызға азайтты.
– Келесі жылдың екінші тоқсанында шетелдік инвесторлармен бірлесіп, тәулігіне 2 250 тоннаға дейін қоқыс жағатын зауыт салуға кірісеміз және бұл зауыт электр энергиясын да өндіретін болады. Зауыт 2028 жылы іске қосылады, - деді Ж. Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен бірге, Ж. Қасымбек кешенді жұмыстың арқасында үш жылда атмосфераға шығатын зиянды заттар 32 пайызға азайғанын айтып отыр. Бұл – кәсіпорындар мен тұрғын алаптарды газдандыру, экологиялық транспортқа көшу және көгалдандырудың нәтижесі.
Айта кетейік, қараша айында елордадағы халық саны 1,6 миллион адамнан асқан. Бұған дейін Жеңіс Қасымбек қаланың инфрақұрылымы қалай жетілдірілетінін айтқан еді.